Хабар телеарнасы

Сыздықов Қажай Сыздықұлы (1920 - 2005 жж.)

Сыздықов Қажай Сыздықұлы (1920 - 2005 жж.)

Менің әкем Сыздықов Қажай Сыздықұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1938 жылы Қызылжар қаласындағы екі айлық педкурсты бітіріп, Кенже ауылында мұғалім болып қызмет атқарды. 1939 жылы желтоқсан айында әскери қатарға алынып, Қызылжардан Ленинград қаласына әскери міндетін өтеуге аттанады.

1941 жылы Беларусь жерінде Ұлы Отан соғысына енеді. Екі ай қоршауда  болып, қоршауды бұзып шығады. Қоршаудан шыққан жауынгерлерді жинақтап, Ленинград қаласын қорғауға жібереді. Ленинград қаласының блакадасында басынан бастап аяғына дейін болады. Осы батыр қаланы қорғағаны үшін менің әкем Қажай Сыздықұлын «За оборону Ленинграда» медалімен марапаттайды. Сол Ленинградты қорғаған кезде екі фашист танкасын гранатамен жарғаны үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталды. Танканы жару кезінде ол темірдің ұшқынынан оң жақ иығынан жарақат алды.

Екінші Беларусь фронтында фашистің бір офицері және үш солдатын қолға түсіргені үшін әкем және оның екі жолдасы «За боевые заслуги» медалімен марапатталды. 1944 жылы шабуыл уақытында снарядтың қасында жарылғанынан ауыр үш жарақат алды, алты ай емханада болды. Оң жақ көзінен, сол жақ қолдың басынан айырылды, оң жақ аяқтан ұшқын жарақат алды.

Соғыстың аяғына дейін фашистердің миналанған жерлерін тазалауда болды. 1945 жылдың қараша айында туған еліне оралды. Соғысқа қатысқаны үшін медаль және ордендермен марапатталды.

Соғыстан келген соң өзінің туған елін көркейтуге үлкен үлесін қосты. Әкем мал фермасында бригадир болып қызмет атқарды, жұмысын жақсы істеп парторк қызметін атқарды. Одан өзінің орталық ауылында басқарма болып 16 жыл қызмет атқарып, зейнетке шықты. Ауылымыздың аса құрметті азаматы болды. 2005 жылы балалары мен немерелерінің ортасында 85 жасында дүниеден озды.

Авторы: Искакова Светлана Кажаевна