Хабар телеарнасы

Ихсанов Таир Аубакирович (1925 - 1995 жж.)

Ихсанов Таир Аубакирович (1925 - 1995 жж.)

Таир Аубакирович 1925 жылы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. Әкесі – Ихсанов Әубәкір соғысқа дейін колхозда есепші, ал анасы – Ихсанова Мәрзия сауыншы болып жұмыс істеген. Соғыс басталысымен әкесі әскерге шақырылып, Сталинград, Курск шайқастарына қатысады, ал оның орнына есепші болып жасөспірім Таир қалады, сол кезде ол тек 7-сынып бітірген болатын.

1943 жылдың 10 қантарында әскери қызметке өз еркімен алынып, 17 жасында Отанын қорғауға аттанады. Мәскеу түбіндегі Ригадан эвакуацияланған жаяу әскерлер училищесінде жарты жылдай курсант болады.

1943 жылдың маусымы. Майданда ауыр шайқастар жүріп жатқан шақ. Осындай ауыр күндердің бірінде түн ішінде казармаға командирлер келіп: «Майданға өз еркімен кім барады?», – деп сұрайды. Осыдан кейін Ихсанов Таир өзі сияқты еріктілермен бірге 18-гвардия әуедесанты бригадасына жіберіледі. Алғашқы уақытта атқыш, кейін барлаушы болады.

Қыр баласы парашютпен секіруді де, шаңғымен сырғанауды да соғыста үйренеді. Финляндияның батпағына да, көп шақырымды жаяу өтпелеріне де шыдайды. Венгрияның Балатон көлінде болған қатты шайқаста бетінен жараланады.

Ауа райы қолайсыз болып тұрған бір күні берілген тапсырманы орындап, қайтып келе жатқан барлаушылыр немістердің торуылына кезігіп, бір тәуліктің орнына, төрт күн бойы жау шабуылына қарсы тұрады. Барлаушылардың жанкештілігінің арқасында ғана сұм жауға тойтарыс беріледі. Әскери барлаудың мұндай небір қиын жағдайлары майдангердің есінде өмір бақи қалды.

Сағына күткен Жеңіс күнін Таир Аубакирович Австрияда Веспрем қаласында қарсы алды, бірақ оның әскери қызметі одан кейін де үш жылға жуық жалғасты. Алғашқыда оның біліктілігі ескеріліп, бір жылдай әскери тұтқындарды репортациялайтын комендатураға әскери хатшы ретінде жіберіледі. 1946 жылдың тамызынан қайтадан барлаушы қызметіне ауыстырылады. 1948 жылдың 25 ақпанында ефрейтор дәрежесінде запасқа шығарылады. Ерлігі үшін және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Ардагермен 1943 жылы әскерге бірге шақырылған 30 шақты жас балалардан тек үшеуі ғана тірі оралыпты.

Ихсанов Таир соғыстан соң Батыс Қазақстан облысының Казталов, Қаратөбе, Чапай аудандарының шаруашылықтарында бас есепші қызметін атқарды. 1963-1974 жылдары Теректі ауданының Шаған совхозының, кейінгі жылдары XVIIІ партсъезд атындағы арнаулы шаруашылықта бас есепші болып, 1989 жылы осы қызметтен зейнеткерлікке шыққан. Бұл екі шаруашылық көп жыл бойы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының тәжірибелік базасы болған еді, сондықтан Таир Аубакирович өндірістік практикаға барған студенттерді болашақ мамандықтарының қыр-сырына үлкен төзімділікпен үйреткенін бүгінгі күні білікті маман болған институт түлектері ризашылықпен естеріне алады.

Таир Аубакирович зайыбы Мағрипа соғыс уақытында тылда белсенді жұмыс істеп, соғыстан кейін ауылдың кооперация саласында қызмет етті. Екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. 1995 жылы Таир Аубакирович дүниеден кетсе де, атамыздың Отан үшін ерліктері, еңбектрі мәңгі жүрегімізде.

Авторы: немересі Курманова Асия Аманжоловна