Хабар телеарнасы

Ақшалов Әбілқасым (1916 - 2002 жж.)

Ақшалов Әбілқасым (1916 - 2002 жж.)

Адамзат баласына алапат қырғын әкелген, аты өшкір соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл. Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Жеңістің шапағатын көріп отырғанымыздың 75-ші көктемі көңілімізге керемет көңіл-күй сыйлайды. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, қан майданға аттанған, жасанған жауға қарсы қажыр-қайратын, батылдығы мен ерен ерлігін көрсетіп, ақыр соңында фашистерді өз ұясында талқандауға қатысқан аталарымыздың ерлігі ел жадында.

Сондай ерлігі мен өрлігі өзіне сай, жас кезінде жалынды жауынгер болған азаматтың бірі Әбілқасым Ақшалов атамыз еді. Әбілқасым атамыз үш бірдей соғысқа қатысқан, саналы ғұмырының тоғыз жылын әскери өмірге арнаған жеңіс сарбазы болатын.

Менің атам 1916 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 1937 жылы  әскерге шақырылып, Фин соғысына, Жапон соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

«Темір тажал» атанған 34-ші танкімен Eуpопаны көктей өткен Ақшалов Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Өмірінің тоғыз жылын Отан қорғауға арнаған майдангер 1945 жылдың мамыр айында жеңіспен елге оралды. Соғыстан кейін құлазып тұрған халық шаруашылығын көтеруге аянбай атсалысып, «Үлгі» колхозында мал фермасын басқарды. Содан кейін зейнетке шыққанша азық-түлік өнімдерін дайындаушы болып сауда саласында енбек етті. Майданнан запастағы гвардия аға сержанты болып оралған ол соғыстағы ерліктерi үшін «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы», «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Әбілқасым атамыздың құдай қосқан қосағы Әлтаева Әнипа әжеміз өнегелі, мейірімді, бауырмал жан болды. Ерлі-зайыптылар 4 қыз, 3 ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Артынан өшпес із қалдырған жеңіс сарбазы тірі болғанда, биылғы 9 мамырда 104 жасқа толар еді.

Авторы: шөбересі Тасымова Дильназ