Хабар телеарнасы

Тлеумашев Қуан (1916 - 1991 жж.)

Тлеумашев Қуан (1916 - 1991 жж.)

Әкеміз Тлеумашев Қуан 1916 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысы, Ракуша ауылында дүниеге келген.

Еркінқала бастауыш мектебінен білім алды. Одан соң Гурьев қаласындағы мұғалімдер дайындайтын Педтехникумда білім алған.

Ауылда мектеп мұғалімі болды.

1939 жылдан 1941 жылға дейін Белоруссияның Бобруйск қаласында 574-ші атқыштар полкінде қызыләскер қатарында болды.

Денсаулығына байланысты 1941 тамыз айында туған ауылға оралып, жеңіл жұмысқа жарамды болғандықтанғ колхозда секретарь қызметін атқарды.

1943 жылдың қаңтар айында қайта әскер қатарына шақырылып, Астрахань қаласындағы 4413-ші әскери бөлімде №127 авиакомендатурасының құрамында болады.

Сталинград, Светлый Яр, Ростов төңірегіндегі ұрыстарға қатысқан. Ұлы Жеңісті осы құраммен Польшаның Белосток қаласында қарсы алған.

Елге оралған соң колхозда еңбек етті. Мұғалімдік білімі бар әкеміз әрі қарай білімін жалғастырып, Сталинград қаласындағы оқу комбинатының есепші мамандығын алады.

Әкеміз Ленин атындағы колхоздың балық шаруашылығы мен егін шаруашылығының қызу қайнаған ортасында еңбектес достарымен, жастармен адал еңбек етті.

1983 жылы әкеміз зейнеткерлікке шықты. Анамыз Тлеумашева Елеукен екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Анамыз – «Алтын алқа» иегері.

Алған жарақатына байланысты 1985 жылы дәрігерлік сараптамадан өткізіп және бейбіт өмірдегі адал еңбегін бағалап үкімет Ұлы Жеңістің 40 жылдығына І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттады.

Әкеміз өмірінің соңғы жылдарына дейін колхоздың өркендеп, өсуіне өзінің үлесін қосты.

1991 жылы 16 мамырда 75-ке қараған шағында дүниеден озды.

Елден ерекше ерлік жасап көзге түспесе де, біз, балалары, немере- шөберелері, осындай қарапайым, адал, еңбекқор әкемізді, атамызды мақтан тұтамыз.

Көзі тірісінде әкеміз Жеңіс күндері қарулас достарын еске алып айтып отыратын. «Өткеннің ізі өшпейді ғой, оның ішінде фашизмнің адамдар жүрегіне салған жарасы жазылар ма?.. Жеңіс жолында келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін өмірін пида еткен есіл ерлер – көк жүзіндегі мәңгі өшпес жұлдыздар. Олар ғасырлар бойы жарқырап тұрады. Олардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды», – дейтін.

Авторы: қызы Кәмшат Қуанқызы