Хабар телеарнасы

Жігітеков Молдахмет (1925 жылы туған)

Moldakhmet Zhigitekov

Молдахмет Жігітеков 1925 жылы дүниеге келген. Ол ел басына күн туып, неміс фашист басқыншылары соғыс бастағанда Отан қорғауға аттанған Нұрғожа, Ақмолда, Кәйдін, Қожамет атты төрт ағасының артынан 1943 жылы 18 жасқа толар-толмастан ауылдағы 6 құрдасымен майданға аттанады.

Соғыс ісіне үйренуші және сол кездегі жапон милитаристерінің шекарадағы армиясына қарсы 138-запастағы артиллериялық полктің құрамында кіші командирлер курсын бітіреді.

«Мен үшін 1943-1944 жылдары ең қасіретті ауыр мерзім еді, себебі біздің құрама Манчжурияның солтүстігіндегі қатаң климатты аймақта қатарынан екі қыс бойында шекара заставасында траншея ішінде берілген тапсырманы орындауда болады. Ол кез ІІ Дүниежүзілік соғыстың ең қатерлі сәті еді», – деп ардагер өткен күнді тебірене еске алушы еді.

1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысының аяқталғаны жарияланғаннан кейін тамыз айында Қиыр Шығыс, Забайкалье майданының шығыс қанатында орыс-монғол армиясы құрамында Гоби шөлін басып өтіп, Хинган тауынан асып, Оңтүстік Қытайдың Сары теңіз жағалауына дейін жетіп, Жапонияның мақтаулы Квантун армиясын талқандап, 1946 жылдың соңына дейін Қытай Халық Республикасының территориясын жапон милитаристерінен азат етуге қатысады. Соғыс аяқталғаннан кейін сол кездегі жалпы әскери тәртіп принциптеріне сәйкес Кеңес армиясы қатарында қызметте қалады.

1950 жылы 7 жыл бойы көрмеген ел-жұртына Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындап оралды. Алдыңғы 3 ағасы Отан үшін мерт болған екен. Ел-жұрт, ағайын-туған, ата-анамен соғыстан жарақат алып оралған тете ағасы Қожахмет қарсы алады.

Алғаш педагогикалық училищені, соңынан педагогикалық жоғарғы оқу орнын тәмамдайды.

Өзі туып-өскен Таутүрген ауылындағы мектепте 36 жыл жас ұрпаққа білім береді.

Соңғы 15 жылында мектепте басшылық етті.

Ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы болып барлық қоғамдағы іске белсене араласып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.

Авторы: келіні Ардақ Қабаева