Хабар телеарнасы

Байтереков Жұматай (1918 - 1942 жж.)

Жұматай Байтереков 1941 жылы Алматы қалалық әскери комиссариатынан майданға аттанды. Батыс майданының 5-армиясында 3-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының құрамындағы 5-гвардиялық полкінде жаумен соғысты.

1942 жылдың 21 тамызында қатардағы жауынгер Жұматай Байтереков Носовые деревнясы үшін болған шайқаста жау әскерінің 17 жауынгерін жойып, жеке ерлік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (№11776157).

Өзінің қайтпас ерлігімен айналасындағы майдандас жауынгерлерді бірнеше дүркін шабуылға бастап, Отанын азат етуге едәуір үлес қосып, сол шайқаста мерт болған жауынгер Жұматай Байтерековті полк командирі мен комиссары «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттауға ұсынды.

Ол «Мына қан майданнан аман-есен оралсам, менен бақытты жан болмас еді...» деп жиі айтады екен.

Бүгінде Байтерековтер әулеті өз туыстарының сол ерлігін мақтан тұтады. Туған жерінде «Ер есімі ел есінде» атты мемориалдық тақтада оның есімі қашалып жазылған.

Өжет елді мекенінен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Жұматай Байтерековтің есімі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Авторы: шөбересі Азат Байтереков