Хабар телеарнасы

Асанбеков Ерубай (1922 - 1976 жж.)

Менің әкем – соғыста хабар-ошарсыз кеткен ағасы «Таңсықбай Асанбековті тауып аламын ба?» деген үмітпен майданға аттанған кісі. Хабар-ошарсыз кеткен ұлдарын уайымдап, сағыныштан сарғайған әкесі Асанбек пен анасы Алтынкүлді ойласа керек.

Миллиондаған жауынгерлер жер жастанғандықтан, майданға әскер қатарын толықтыру үшін 1942 жылы 17 жастан 50 жасқа дейінгі азаматтар шақырыла бастады. Сол жылдың сәуір айында Сарыағаш аудандық әскери комиссариатына еңсегей бойлы, нар тұлғалы жас мұғалім Ерубай Асанбеков те келді. Осылай өз шәкірттеріне үлгі болып, жас мұғалім қан майданға аттанды.

Ерубай Асанбеков 1942 жылы Шымкент қаласында құрылған 102-атқыштар дивизиясының құрамында әскерге аттанды. 1 мамыр күні Украинадағы Лисичанск қаласының түбінде ол қызмет еткен 410-атқыштар полкі неміс басқыншыларымен алғашқы әрі соңғы айқасына түсті. Кескілескен шайқастың нәтижесінде полк құрамынан небәрі 100-ге жетер-жетпес адам қалды.

Басқыншылармен айқаса жүріп, жаудың шебін бұзып шыққан жауынгерлер көршілес 275-атқыштар дивизиясына барып қосылады. Осы дивизияның құрамында жаумен шайқаса жүріп 1943 жылы Нальчикті қорғау операциясы барысында Ерубай Асанбеков жарақаттанып, госпитальге түседі. Госпитальда емделіп шыққан соң жарақатына байланысты 302-күзет отрядында бөлім командирі, сержант қызметін 1946 жылдың тамыз айына дейін атқарды. Соғыс бітіп, елге оралған соң білімі мен әскери тәжірибесін ескеріп, дәнді-дақылдарды дайындау қоймасын басқару сеніп тапсырылды.

Отбасылы болып, 3 ұл, 2 қыз тәрбиеледі. Бүгінде Ерубай Асанбековтің немерелері мен шөберелері өздерінің аталары сыйлаған бейбіт күннің әр сәті үшін ата рухы алдында алғыс айтып, бас иеді.

Авторы: қызы Ғалия Ерубайқызы Асанбекова