Хабар телеарнасы

Мұсаұлы Дүйсенбай (1924 - 2019 жж.)

Duisenbay Musauly

Дүйсенбай Мұсаұлы 1924 жылы 15 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылының Қурайлы колхозында қарапайым отбасында дүниеге келген.

1935-1942 жылдары 7 жылдық білім алған. Соғыс басталғанда 18 жастағы атамыз 1942 жылы 27 тамызда әскер қатарына алынған.

Ашхабад қаласындағы №7 әскери училищесінде 7 ай кіші командирлік оқуында оқыған.

1943 жылы 28 наурызда Бұқара қаласына әскерге алынған жауынгерлерге 3 ай үйрету оқу-жаттығу жұмыстарына жетекшілік еткен. 1943 жылдың қыркүйек айында Курск қаласында Украинаның Сумск облысының аудандарын жау әскерлерінен азат етуге қатысады. Осы уақыттарда бомба жарықшағынан жарақат алған жас жауынгер есінен танып, ес-түссіз 6 күн жатып, есін әрең жияды. Бір ай госпитальда жатып, толық емделіп бітпесе де, майданға қайта кіріп, Днепр бойында 60-армияның 248-бригадасында болады.

ІІ Дүниежүзілік соғыстың қантөгісімен есте қалған Днепрден өту кезінде өзенге алты рет түседі. Атамыз кейде: «Су беті адам өлімінен көрінбей қалды», – деп өксіп еске алатын.

«1943 жылы соғысқа аттанған 16 жауынгер, бір жылғы төлден елге оралғаны төртеуі ғана», – деп күрсініп айтып жүретін.

1943 жылдың 11 қазанында Талахун ауданын жау әскерінен тазарту кезінде таң ата қабырғасынан, екінші рет бір сағаттан кейін аяғынан жараланған атамыз «4408 ЭВК ІВолков» атындағы госпитальда 6 ай жатып емделіп, 1944 жылдың наурызында І топтағы мүгедек болып елге оралған.

Денсаулығының ауырлығына қарамастан, бейбіт еңбекке белсене араласып, күрішші, сушы, звеновод болып жұмыстар атқарып, ел алдындағы ерен еңбегі Мемлекет тарапынан КСРО Жоғары Кеңес Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

2015 жылдың 27 наурызында Қызылорда облысы «Сырдария ауданының құрметті азаматы» берілді.

1951 жылы қаңтарда Базаркүл әжемізбен отбасын құрып, 9 бала тәрбиелеп, олардан 34 немере, 76 шөбере сүйді.

Атамыз 2019 жылдың 21 сәуірінде қайтыс болды. Бойынан жаны жұмсақ, жүрегі ақ, пейілі кең ата-ананың балалары болғанымызды біз, ұл-қыздары, немелері мен шөберелері, әрқашан мақтан етеміз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ата!

Авторлары: немерелері Еркебұлан Наурызбайұлы, Аружан Әлайдар