Хабар телеарнасы

Мұқанов Дүйсен (1921-1990 жж.)

Mukanov Duisen

Менің əкем Мұқанов Дүйсен 1921 жылы Орал облысы, Тайпақ өңірінде дүниеге келген. Дүйсен Мұқанов əкесінен ерте айырылды.

Балалық шағы əкесіз өткен соң өзінен кейін туған қарындасы мен анасынан артық ешкім жоқ болатын. Жастайынан зерек өзге балалардан пысықтау əкем Дүйсен Қыстаубай аталатын жерде интернаттан білім алған соң, ауылдағы совхоздан алатын азын-аулақ еңбекақысымен анасына және жалғыз қарындасына қамқор болып, асырап жүргенінде сұм соғыс басталып, соғысқа аттаныпты.

Сол соғыста жүргенде «Старая Русса» жерінде қарша бораған снаряд астында жүріп басынан жараланады. Одан қайсар əкем жараланғанына қарамастан, 1943 жылы Большая Горба деревнясындағы соғысқа қатысып, кескілескен ұрыста жолдастарынан айырылып, өзі жараланады. Одан емделіп шығып 885-гвардия атқыштар дивизиясы құрамына пулеметші, жау танкісіне қарсы оқ ататын көздеуші болады. Атқыштар дивизиясына қарасты 140-полкте жүріп, танкке қарсы шабуылдарға қатысады.

Рота шебіне фашистердің 200-дей жаяу əскері мен бірнеше танкі келіп кіреді. Осы ұрыста қаза болған қарулас достарының денесін алып шығып, құжаттарын табыстайды. Қарулас досы Дергачта жараланып қалады. Осындай ұрыстар кезінде оған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Одан 1944 жылдың ақпанында ДНО қаласын азат ету барысындағы кескілескен ұрысқа қатысады. Оны қорғап шығып, Псков облысының Остров қаласын жаудан қорғау операциясына қатысады. Ол қала жаудан толығымен тазартылады. Бірақ осы шайқаста əкем кеудесіне оқ тиіп жараланады, өкпесінде жарықшағы қалады. Сол жарықшақпен елге келіп, туған елін көркейтіп, сан салада қажымай еңбек етеді.

Одан соғыс кезіндегі жəне бейбіт еңбектегі алдал еңбегі үшін ІІІ дəрежелі «Данқ» орденімен жəне құрмет грамоталарымен награтталады.

Соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, 50-60 жылдары құрылыс жұмыстарына басшылық етсе, одан кейін сауда жəне тауар айналымы саласында да, өзінің білікті маман екендігін танытып есепші болып жұмыс жасайды. Одан Мұнай-газ саласында еңбек етіп, сол саладан зейнеткерлікке шығады. 1990 жылы май айында əкем дүниеден өтеді.

Əкем соғыста жүргенде анасы қайтыс болған екен. Анасы ұлын, ұлы анасын көре алмай кеткен. Əкем біз есейген кезде де анасын еске алып, көзінен жас парлап отыратын. Төмендегі майданнан анасына жазған хаттары болатын.

Анаға хат

Мен жүрмін терістік батыс шамасында,
Өзімдей солдаттардың арасында.
Жүрсем де немістерге соққы беріп,
Есімнен қайраң анам қаласыңба?

Ақ мама, ақылыңды алып өстім,
Бос емес, жас өмірде оқып өстім.
Толады бүгінгі күн дəл он екі ай,
Көрмедім, анашымның жылы жүзін.

Солдатпын, Ант еттім Отаныма,
Антымды орындаймын əр уақытта.
«Мамашым», «Отаным» деп аттандаймын,
Неміске атакаға шабарымда.

Маматай хатыңды алдым сенің жазған,
«Үзбеймін үмітімді» дедің маған.
«Аянбай фашистерге соққы беріп,
Келерсің жеңіспенен елге аман».

1942 жыл

 

Анасынан қаралы хабар келгенде жан өлең жолдары

Мамашым, аттандырдың армияға,
Тапсырдың жарылқаған бір құдайға.
Бетімнен қайта-қайта сүйіп тұрып,
Көзіңнен ағылған жас, кетпейді ойдан.

«Жылама, ақ мама» деп аттанғанмын,
«Барғасын фашистерден кек аламын.
Фашисті туған жерден қуып шығып,
Еліме аман-есен ораламын».

Мақсат бір- фашистерді елден қуу,
Жерінде, өз елінде көрге тығу.
Егер де мен көрмесем бұл күндерді,
Өтермін күнім осы шерменде мен.

Хат алатын енді менде ана жоқ,
Дүниеден өттің мама, арман көп.
Суық хабар естігенде елімнен,
Ағылған жас тыйылмады көзімнен.

Өлдің, ана, қайғылы болдым, қаралы,
Сонда да менде мақсат бар.
Отанды жаудан тазалап,
Жеңіспенен елге оралу.

Көре алмай мені, көз жұмдың, қайран анам,
Ол үшін фашисттерден кегімді алам.
Арманда бұл дүниеден кім өтпеген
Баламын енді мен де жетім қалған.

1944 жыл