Атам Мамышев Садуақас Мамышұлы 1923 жылы 25 мамырда Үлкен Нарын ауданы, Майемер ауылында дүниеге келген. Ол кісінің отбасында 5 бала болған. Олар: ағасы Сайынділдә (1913 ж.), қарындасы Дариға (1925 ж.), қарындасы Айтбала (1928 ж.), інісі Кенжеәлі (1933 ж.). Інісі 3-4 айда болған кезде, яғни 1933 жылдары әкелері дүние салған. Сөйтіп, аналарының тәрбиесінде қалған. Асыл аналары 1958 жылы өмірден өтті. Осы кезеңдегі аштықты да, жетіспеушілікті де көріп, бәрі де қиындыққа төзімді болып ержетті, бойжетті. Бірақ бұлардың жетіле бастағанын көпсінгендей еліміздің батысынан соғыс дүмпуі шықты. Менің атам 1941-1942 жылдары әскери борышын өтеген. 1943 жылы 20 жасында соғысқа барады. Ол Солтүстік Кавказ майданындағы Приморье жеке армиясының 318-атаулы атқыштар дивизиясының қарамағында болған. Содан кейін Қырым қаласында взвод командирі болған және Алушта қаласында да болған. Сөйтіп 1944 жылы үйге қайтып келген. Соғыс кезінде және соғыстан кейін өз еңбегі мен ерлігі үшін алған орден және медальдары: «Қызыл жұлдыз» ордені; «Еңбек Қызыл Ту» ордені; «Ерлік даңқы» медалі; «Отан соғысы» ордені; «Еңбек үздігі»; «Еңбек ардагері»; «Тың жерді игергені үшін» медалі; ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені; Украина Президентінен алған «Украинадағы фашист басқыншыларынан азат етуге 60 жыл» медалі; «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл» төсбелгісі; «КСРО қарулы күштеріне 60 жыл» медалі; Жеңістің 30, 40, 45, 50, 60, 65 жылдарында берілген медальдары бар. Жеңістің 65 жылдығына 1 бөлмелі пәтер алды. Байқап отырғандарыңыздай, атам соғыс кезінде және соғыстан кейінгі бейбіт кезде де абыройлы болған. Менің атам өте жақсы адам. Ол ешкімге дауыс көтермей сөйлейді. Мінезі тік, өз еңбегіне адал, тәртіпті жақсы көреді, бетің-жүзің демей тура айтатын адам. Бұл кісі қаншама жоғары лауазымды қызмет атқарғанымен, қызмет бабын пайдаланып жемқорлықпен айналысқан емес. Өмірінің соңына дейін сол қарапайым қалпында өмір сүрді. Қызмет бабымен көшіп-қонып жүрсе де бес баласына да жағдайын жасап, жоғары білім алғызды. Әдеби кітаптарды мол оқыған, тіл байлығы мол, суырып салма ақындық қасиеті бар. Жас шағында, денсаулығы бар кезінде әнді өте жақсы айтқан. Соғысқа дейін жанды ренжітпейтін адам еді. Басына іс түскенде адам барлығына барады екен. Оны айтып отырған себебім атамның айтқан әңгімелерінен ұққаным осы. «Ал деп ұрысқа кіріскенде адамның бір-бірін өлтіруі өте қиын нәрсе. Сол кезде бойымды қорқыныш сезімі биледі. Бірақ, намыс, Отан, ел, жер үшін өз жаныңды қиюға дайын боласың. Сол уақытта менің басымда «Отан үшін, болашақ үшін алға!» деген ой, жігер болды. Взвод командирі болып 25 адамды басқарып, оларға бұйрық беріп, жол сілтеп, жеңіске жетудің өзі неге тұрады?! Осылайша жауды жеңдік. 1944 жылы үйге оралған кезден бастап талай жылға дейін осы қорқыныш та, жасаған істерім де ұмытылмады. Отаныма аман-есен оралғаныма бақытты едім», – дейді қарт майдангер өзінің соғыс кезіндегі жағдайын қысқа ғана баяндап. Әрине, 25 адамға, олардың тағдырына деген жауапкершілікті абыроймен атқарған атамның ерлігіне жоғарыда айтылған орден, медальдары куә емес пе!? «Бейбіт еңбекке қосқан үлес» деп атамның соғысқа барып Отан, елі, жері, халқы үшін күресіп, ұрысқа кірскенін айтуға болады. Соғыстан кейін 1944 жылы үйге оралған соң мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істеген. «Бұл кезеңде де мектеп ісі мен шаруашылық жұмыстар араласып жататын», – дейді атам сол қиын сәттерді еске алғанда. 1950 жылдары Катонқарағай аудандық жұмысшы комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Бұл аудан халқының атамның адамгершілік қасиетіне, білімі мен біліктілігіне деген сенімін көрсетеді. Үлкен Нарын ауданының Солоновка, Ново-Паликовка ауылдарында да қызмет атқарған. 1983 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Отбасылық өміріне келетін болсақ, менің атам 1946 жылы үйленген. Оның қазірде 5 баласы бар. Олар: Төлеген (1951 ж.), Гүлнәр (1954 ж.), Гаухар (1957 ж.), Гүлжән (1959 ж.), Гүлия (1963 ж.). 10 немересі, 13 шөбересі бар. Осыған қарап атам ұрпағымен жасайды деуге болады. 2013 жылы 90 жасқа толғаннан кейін атам бұл өмірден озды. Бұл жағдай біздің қабырғамызды қайыстырды. «Ер ерлігі ел есінде» дегендей біз артынан қалған ұрпақтары осы аталарымызды әлі күнге дейін есімізге алып, жыл сайын 9 мамыр күні Жеңіс мемориалына «Бессмертный полк» іс-шарасына қатысамыз. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Авторы: Жансая Құмарова