Хабар телеарнасы

Мырзағалиев Малғаждар Мырзағалиұлы (1920 -1997 жж.)

Мырзағалиев Малғаждар Мырзағалиұлы (1920 -1997 жж.)

Мырзағалиев Малғаждар Мырзағалиұлы 1920 жылы 18 маусымда  Шығыс Қазақстан облысы, Большенарым ауданы, Майемер ауылында туды. Әкеден төрт, шешеден 1,5 жасында жетім қалып, аға-жеңгенің қолында өсіп жетілді.

1928-1929 оқу жылдарында ең алғаш ашылған Майемер ауылындағы бастауыш мектепке барып, 1934 жылы интернатта тұрып, бітіріп шықты. Бұл ауыл ол кезде Шыңғыстай болысының 9-шы ауылы болып аталушы еді. 1937-1938 оқу жылдарында Семей қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін Н.К. Крупская атындағы мұғалімдер Институтына түсіп, 2-курсында оқып жүрген кезінде 1938 жылдың қазан айында Қызыл әскер қатарына шақырылады.

1938-41 жылдар аралығында Совет әскері қатарында азаматтық борышын атқарып жүрді. 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың ақпан айына дейін неміс фашистерімен кескілескен шайқастарға қатысты.

1942 жылы 23 ақпан айында ауыр жараланып, Ұлы Отан соғысының ІІ топ мүгедегі болып елге оралды. Ауыр жараның бейнетін көп тартты, дегенмен қажымас қайраты мен өмірге деген құштарлығының және еңбек сүйгіштігінің арқасында еңбек қатарына қосылды. Өмірлік жары Бұлғынова Анибал Бұлғынқызы екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім әперді. 17 немере сүйді, қазір сол немерелерден тараған ұрпағы өсіп-өніп, ата жолын  жалғастыруда.

Әкеміздің халық ағарту ісінде ұстаздық еткен жартығасырлық бала тәрбиелеудегі еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атанды. Ұлы Отан соғысының I дәрежелі ордені мен медальдарына бейбіт өмір кезіндегі наградалары қосылып, Ұлы Отан соғысының ІІ топ мүгедегі Малғаждар Мырзағалиев халқының алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындаған соң ғана құрметті еңбек демалысына шықты.

Әкеміз соғыстың бірінші күнін былай еске алатын: «Соғыс басталатын жылдың 21 маусымында біз жауынгерлік күзет кезегінен келіп, киноға бардық, сонда жергілікті тұрғындардың бірі: «Бүгін сендер көріңдер, ертең біздің қыздар бұл жерде немістермен кино көретін болады», – десіп жатты. Кино басталған еді, іле-шала біздің атымызды атап, далаға шақырған дауыс естілді. Жүгіре шыққан бізге қайтадан күзетке барасыңдар деді. Шығыстан қызыл күреңденіп күн көтеріле бастағанда, таңғы сағат төрт кезінде алты рет атылған артиллерияның дауысы жер жаңғырықтырды. Бәріміз тоқтай қалып құлақ түрдік. Сәлден соң зеңбірек үні қайталанып өршіп кетті. Сол кезде комбаттың көмекшісі Лысенко деген бізге жүгіріп келіп, соғыс басталғанын хабарлады. Самолеттер бомбалай бастаған кезде, біз ақ шаңқай палаткалардан шығып үлгергенбіз. Сәлден соң оның күлі көкке ұшты. Біздің зениткілер сол арада жаудың екі самолетін атып түсірді. Неміс фашистері Таураген қаласы маңындағы нефтебазаны, теміржол станциясын бомбаның астына алды. Қызыл жалын мен қою қара түнек аспанды басып алып, дүние астан-кестен болды да кетті... Соғыстың алғашқы күнін осылай қарсы алып едік», – деп күрсінетін.

Бұдан кейін әкемізді минометшілер даярлайтын әскери бөлімге жіберді. Даярлықтан өткен соң Солтүстік Ленинград майданының 523-атқыштар полкінде минометші болды. Ловать өзені бойында, Дно торапты станциясында, Старая Русь түбінде кескілескен шайқастарға қатысты. Қатты шайқастардың бірінен соң «За родину» газетіне біздің ротаның жауынгерлеріне алғыс жарияланған мақала шықты. Минометшілеріміздің бір минасы неміс фашистерінің жер кепесіне түсіп, 12 адамын жермен жексен еткен екен. Подполковник Поляков (аты-жөні ұмытылып қалған) біздерге алғыс жариялап, рота командирі Чистяковқа Ленин орденін атап кетті.

Күзетте тұрған мен түн ортасында қатты жаурадым. Амалсыз жер кепенің жанына жақындап, ішке кіруге ұйықтап жатқандарға суық кіргізбес үшін батылым бармай, мұржаға қолымды жылытпақ едім, біреу оны тас қып бітеп тастапты. Ашып жібергенде іштен жалын шықты. Иістен қырылып қалған шығар деп есікті ашып, айқай салып едім, ешқайсысы орнынан көтеріле алмады. Есік жақта жатқан екі солдат басын көтеріп лоқсып құса бастады. Сүйрелеп жүріп, бәрін далаға шығардым. Қарда есін жиғандар жүре алмай, еңбектеп қайта ішке кірді. Әйтеуір бәрі аман қалды. «Жаумен соғысып кегімізді алмай жатып, иістен өле жаздаппыз ғой, саған көп рахмет», – деп жігіттер алғыстарын білдірді.

Міне осындай өмірдің ауыр да қиын соқпағынан өтіп, елім деп халқының ертеңі үшін еңбек еткен, болашағымыздың көкжиегі кеңи түсуіне үлес қосқан әкеміз Малғаждар Мырзағалиұлының өткен өмірі келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Авторы: балалары, немерелері