Хабар телеарнасы

Майлыбаев Алукен (1922-2000 жж.)

Майлыбаев Алукен (1922-2000 жж.)

Шіркін-ай!

«Өмір – өзен» деп бекер айтылмаған!

Ұлы Отан соғысының болғанына биыл 75 жыл. Мен соғыс жылында туылған бала емеспін, сонда да лебін сездім. 1945 жылы туған тәтем 75-ке келді, әже болды. Зымыраған уақыт. Бірақ менің әңгімем атам туралы болады.

Жолдасымның әкесі Майлыбаев Алукен – 1922 жылы Қарағанды облысы, Ақтөбе ауылы, с-з Амангелді, Тельман ауданының тумасы.

1941 жылы 19 жасқа ғана толған жігіт Тельман аудандык әскери комиссариатынан соғысқа аттанған.

Мен ауылға 1978 жылы мұғалім болып істеуге келгенде, ауылда 68 соғыс ардагері бар еді, солардың бірі – менің атам...

Соғыстан жаралы болып келген ол жарты жыл мектепте істеді де, 1943 жылдың суық күзінде тағы соғысқа аттанды. Оның соғыс туралы естеліктері қысқа болатын.Бірақ 9 мамырда костюмін кигенде, орден мен медальдары кеудесіне симай кететін.

Бірде ол әңгімесінде: «Сталинград түбінде қатты шайқастан кейін бізге «Дайындалыңдар, таң ата шайқасқа шығамыз»деген бұйрық берілді. Мылтығымызды жоғары ұстап, таң ата судың ішінде тұрдық.Жанымыздан бөренелер, ағаштар жүзіп өтеді, оны итере саламыз да, сумен бетімізді сүртіп әлі тұрмыз. Судың өзі жылып кеткен бе десек, сөйткен бөренеміз адамдар жылымсыған қан екен...», – деп бір күрсінді де, әрі қарай айтпады.

Қазір соғыс туралы деректер интернет бетіне шығып жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын «Подвиг народа» деген ресейлік сайтта атамыздың ерліктері жөнінде білдік.

114-атқыштар дивизиясы, 353-гвардиялық атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Алукен Майлыбаев Штолберг қаласынан шығатын жолды атқылап, таулы аймақтағы биіктікті жаулап алып, бір мотоциклді, 10 неміс солдатын жойып, асқан ерлік көрсеткені үшін ІІ санаттағы «Ұлы Отан соғысының» орденімен марапатталды.

Дунай өзенің жаулап аларда, өз автоматынан төрт неміс солдатын, бір неміс офицерін жайратқаны үшін ІІ санаттағы «Даңқ орденімен» марапатталады.

Сол кезде жанымызда осындай атақты кісі бар деп ойламадық. Атамыздың қайтыс болғанына міне 20 жыл болыпты. Атамызды үнемі еске алып, зират басына барып, құран оқимыз. Ауылымыз ол кісіні өте сыйлайды. Мектепте атамыздың атымен аталған мұражай бар. Мұндай адамдар мәңгілік есімізде болу керек, өйткені олар бізге өмір сыйлады!

Авторы: Айдарбекова А.Х.