Хабар телеарнасы

Нұрлыбаев Сейдан (1925-2014 жж.)

Нұрлыбаев Сейдан (1925-2014 жж.)

Ауылға хат

Кел қиялым кеңесейік екеуміз,

Жатқанымыз жараспайды бекер біз.

Жылға жуық елден хабар ала алмай,

Қапалықпен қайғы шегіп жүреміз.

Хатқа салдым хабарымды білдіріп,

Елден шықтық мінген атты желдіріп.

Сол шыққалы жыл жарым болды, қалқам,

Хат салмадың туыстықты білдіріп.

Жаным, анам хат саламын сіз үшін,

Сіз болмасаң хат саламын кім үшін?

Рәбия, Бегай болса ұмытқан,

Ұмытпаса хат салмай ма мен үшін.

Қалам алдым жазу үшін қолыма,

Алла берсін оң сапарын жолыма.

Азын-аулақ хабарымды айтайын,

Естіген соң қапаланып налыма.

Қырық төрттің мамырдағы бір күні,

Жаулар қашты алдымыздан бұл күні.

Қашқан жауды қуып бара жатқанда,

Жараландым мен ауыздан сол күні.

Жарақатым жеңілірек болмады,

Өз еркіме еш нәрсені қоймады.

Он екі күн тамақ ішу, сөйлеу жоқ,

Кәріп болдым, бұл Алланың салғаны.

Кейде кетем, ырқына еріп қиялдың,

Бауырларым ойға түсіп жылаймын.

Жан бауырым, ағажаным Төленнен,

«Хабар» қашан келеді? деп сұраймын.

Хабар болса, ағажаным Төленнен,

Сәлем жаздым хат арқылы өлеңмен.

Ұлы Отан соғысында біз жүрміз,

Бұл арада жүргенім жоқ өнермен.

Жатқан жерім Қара теңіз жағасы,

Николайдың дворец қаласы,

Аюдак, Альпі биік таулар қасында,

Ливадия екі айырған саласы.

Көптен бері қағаз-қалам жолдасым,

Жаратушы Жаппар ием қолдасын.

Соғыс бітіп, жау жеңіліп, қуылып,

Деп тілеймін елге тыныштық орнасын!

Армия генералы Еременко қолбасшылық ететін армия құрамындағы 180-резерв полкі Краснодар аймағындағы Воронников қаласына аялдады. Осы жерде бір топ солдатты пулемет атуға үйретті. Әуелгі кезде мен Петропавловскіде мергендік курстан өткен едім. Пулеметті тез меңгеріп алдым. Қатарларымның алды болып, қатігездік танытқанымды көріп, кіші командирлер пулеметті жақсы меңгергенімді байқай бастады.

Шабуылдан соңғы бір тыныстауда рота командирі орыс жігіті келіп маған:

- «Қазақсың ба?»,– деді.

- Қазақпын!

- «Жарайсың! Қазақтар батыр болады», – деп арқамнан қағып, алғыс жариялады. Кейіннен білдім ғой, қазақтардан Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаровтар аты аңызға айналып тұрған тұсы екенін.

- Мына оқиғадан кейін жонданып қалдым, өзім де ұрысқа төселіп, шыңдала түстім.

Дүбір шықса тынши алмайтын ұлыстың ұлы емеспіз бе?! Бірде шабуылға көтеріле бергенімде аузымды қан жуды да кетті. Кеудемнің бәрі қызыл-ала болып, жүгіріп келе жатқаным есімде. Жұртқа еріп «Ура!»дейін десем, үнім шықпайды. Дүние бұлдырап барып, етпетімнен құладым. Құдайдың құдіретіне не дауа, снаряд жарықшағы иегімнің үстіңгі қабатын тістеріммен қоса алыпты. Госпитальде судан басқа нәр татпай, 12 күн жаттым. Көретін жарығым бар екен, зардап басқа шаппай, әйтеуір аман қалдым.

Бірде снаряд ойған қазан шұңқырда жатсақ, тағы бір снарядтың тура жанымыздағы пулеметтің үстіне түскеніне қайран қалдым, сондағы 5-6 жауынгер дін аманбыз. Бауыржан батыр: «Қаңғыған оқтан сақта!», –деп осындайдан шығарып айтқан ғой.

Нұрлыбаев Сейдан 1925 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылында туған.

1943 жылы тамыз айында қазақ-қырғыз балаларын соғысқа аттандырады. Ақмоладан Көкшетауға 12 полктан қанша екені белгісіз Петропавл қаласына аттанады. Сонда 2-3 ай соғыс тактикасын үйретіп, қаңтар айында соғысқа аттандырады. Менің атам сол соғыста пулеметші болған. Соғыста ерлігі үшін 1944 жылы мамыр айында «Қызыл жұлдыз»және «Отан соғысының І дәрежелі»орденімен наградталады.

Соғыстан 20 жасында оралған менің атам көптеген еңбекке атсалысты.

1945 жылы Қазалыдағы бір жылдық малдәрігерлік курсына жіберілген. Одан әрі қарай өзі алған мамандығы бойынша аудандық вет-лечебницада санитар, өзі туып өскен колхозда есепші вет-санитар болып жұмыс атқарған.

1985 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. Әжем Жұмагүл екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. 29 немере, 16 шөбере бар. Атам жан дүниесі таза, қарапайым, әділдікті ту еткен, ұстанымына берік, ақжарқын да ардақты жан еді. Бізді тек кішіпейілділікке, бауырмалдылыққа, Отанды сүюге баулитын.

Иә, өмір бар да, өлім бар. Амал не, жазмыштан озмыш жоқ. Ата, жасаған ерліктеріңіз мәңгі есімізде. Жатқан жеріңіз жайлы болсын.

Авторы: немересі Қарлығаш Нұрлыбаева