Хабар телеарнасы

Булаев Сағидолла (1918-1977 жж.)

Булаев Сағидолла (1918-1977 жж.)

Менің əкем, Булаев Сағидолла Ұлы Отан соғысының ардагері 1918 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қаратөбе ауданында орта мектепті бітіргеннен кейін, Ақтөбе облысы Темір ауданындағы төрт жылдық мұғалімдер училищесіне оқуға түскен. Оқуды бітіріп еңбек жолын бастаған кезде 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынады. Өзінің айтуы бойынша 1942-1944 жылдары Германия соғысынан бастап, Финляндия соғысынан аяқтаған.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін бірнеше орден медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Ойыл ауданына анасының туғаны Сұлтангереев Лұқпанды іздеп келіп, осы жақта тұрақтап қалады. 1947 жылы анам Магпира Бисенқызымен отбасын құрады. Өмірге әкелген бес баласынан 20 немере, 35 шөбере тараған.

Соғыстан кейінгі жылдары аудандық МТС-та механик, кейін аудандық ауруханада жүргізуші болып қызмет жасаған. 1968-1969 жылдары СПТУ-16 мекемесінде шаруашылық меңгерушісі, 1970-1977 жылдары өмірінің соңына дейін Ойыл орыс орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарды. Сол сұм соғыстың кесірінен денсаулығы нашарлап, өмірден ерте озды.

Əкем өмірде тарихты жақсы көретін, спортты жаны сүйетін, кітапты көп оқитын, өте мəдениетті адам болып менің жадымда қалды. Бізге, балаларына анам Магпира екеуі білім алуға, өмірден өз орнымызды табуға үлкен ықпал жасады. Анам Магпира Бисенқызы да тылда еңбек еткен. Біздің осындай бейбіт өмірде білім алып, бай, қуатты өмір сүруімізге әкем мен анамның еңбегі зор деп ойлаймын.

Биылғы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына байланысты әкем мен анамды еске алып, жандары жəннəтта болсын деп тілеймін.

Авторы: қызы Булаева Шолпан Сағидоллақызы