Хабар телеарнасы

Бозымбеков Сахан Бозымбекұлы (1920-2000 жж.)

Бозымбеков Сахан Бозымбекұлы (1920-2000 жж.)

Отты күндер ардагерлеріне тағзым

Кешегі әлемді шарпыған  Ұлы Отан соғысына қатысып, қасық қанын төккен асқар таудай әкеміз Бозымбеков Сахан Бозымбекұлы 1920 жылдың 20 тамызында Талдықорған облысы, қазіргі Кербұлақ ауданының(бұрынғы Гвардия ауданы), Доланалы ауылында дүниеге келген.

Алматы қаласындағы педагогикалық техникумда оқып жүргенінде 1939 жылы әскери қызметке шақырылып, ІІ дүниежүзілік соғыста Отанымызды қорғауға тікелей қатысқан.

Әкеміздің жауынгерлік жолы 1939 жылы Шығыста жапон милитаристерімен Халхин-Гол өзенінің бойында болған қанды майданнан басталып, батыста фашистік Германиямен болған қасіреті мол соғыспен жалғасады. Өз Отанын және бірнеше Еуропа елдерін азат етуге белсене қатысып, Жеңіс күнін 75 жыл бұрын Австрия елінің астаны Вена қаласында қарсы алады. Қайсарлықпен талай ерлік істерге барған, үш рет ауыр жараланғанына қарамастан, майданға қайта оралып отырған.

Әкеміз сағыныш сезімін баса алмаған сәті

1942 жылдың 21-ші қыркүйегінде ауыр жарақатын емдеу үшін әкемізді Ташкент қаласына госпитальге жібереді. Ұзақ емнен кейін, соғысқа қайта оралатындығын және Сарыөзек станциясынан өтетін уақыты туралы әкеміз ауылға хат жолдайды. Сарыөзекте тұратын ағайындарымыз вокзалда поездің өтетін уақытында күтіп тұрады. Бірақ жүйткіген поезд тоқтамай, бір-бірлерін көріп, тек қол бұлғасып, ара қашықтығы 10 мың шақырымға жуық жерден келіп, қас-қағым сәтке туыстарымен қауышып, сағынышын баса алмаған әкеміз майданға кете барады.

«Міне бұл соғыс кезіндегі әскери тәртіптің қаталдығының бір көрінісі еді»,– деп  әкеміз сол бір сағынышқа толы сәттерін еска алыушы еді.

Әкеміздің қан майдандағы жанкешті батылдығы мен өжеттігі жоғары бағаланып, сегіз мәрте ерліктің орден, медальдарымен (оның ішінде «Қызыл жұлдыз», дәрежелі Даңк ордендері, Донбасс, Волнавах, Прага, Вена қалаларын азат етудегі ерлігі үшін алған «Ерлігі үшін»медалдері т.б.), И. Сталиннің Алғыс хатымен марапатталып, 1945 жылдың күзінде ауылға жеңіспен оралған.

Елімізде бейбітшілік орнаған заманда әкеміз 40 жылдық өмір жолын жас ұрпаққа білім беру саласына арнады.

1945-1949 жылдары Талдықорған облысына қарасты Гвардия аудандық партия  комитетінің саяси бөлімді басқарған, бірнеше жыл аудандық оқу ағарту бөлімінде инспектор болып қызмет істеген, кейін Арқарлы ауылдық мектебінде бірнеше жыл мектеп директоры болды. 1951 жылдан 1972 жылға дейін сол аудандағы Доланалы мектебінде, 1972-1978 жылдары Қарашоқы орта мектебінде үздік ұстаз болып, зейнеткерлікке шықты.

Ұстаздық жылдары әкемізден білім алып, талай шәкірттері қанаттарын қатайтып, білім биігіне самғады. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Талдықорғандағы Жетісу университетінің білікті мұғалімі Базарбаева Гүлнар Құдайбергенқызы, математика ғылымның кандидаты профессорлар Мырзағали Андасов, математика ғылымының кандидаты Қуаныш Өтеева, Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздіктері, қазір зейнеткер ұстаздар Аманғос Жүсіпов, Марат Өскенбаев, Төретай Нұрлыбаева және т.б. әкемізден дәріс алды.

Әкеміздің еңбек майданындағы істері де ерлікке, үлкен абырой, сый-құрметке толы. Ұлағатты үздік ұстаз атанды, аудан мен ауылдың жас пен кәрісі ақыл сұрайтын, құрметтейтін беделді, дана қариясы болды. «Кербұлақ ауданының құрметті азаматы» атанды.

Соғыста азат еткен Еуропа, Ресей, Украина елдерінің қалаларына барып, майдангер достарымен қауышып тұрғанды жақсы көруші еді.

Әкеміздің оқуға, білімге деген құштарлығы шексіз еді. Ұлағатты ұстаз ретінде математика пәнімен қатар геометрия, физика, география, тарих пәндерін терең меңгеріп, сабақ берді.

Ал соғыстың стратегиялық жоспарын, тарихын жоғары ғылыми дәрежеде білуші еді. Әскери жоғарғы қолбасшылардың (Г.Жуков, В.Батутин, Штеменко) естелік кітаптары әкеміздің жұмыс кітабы болатын-ды.

Анамыз Абдуллақызы Гүлжан екеуі жарық дүниеге он бала әкелді. Олардың жоғарғы білім алуларына және адал еңбекқор маман болуларына барын салды. Ұл-қыздары өсіп-өніп, халық шаруашылығының әр саласында қызмет атқаруда.

Соғыстан кейінгі кездесулер

Әкеміз көзі тірісінде кешегі Кеңес Одағының әр қиырында өмір сүріп жатқан сонау отты жылдардағы қанды көйлек майдандас достарымен байланысын үзген емес.

1983 жылы майдандас досы О.В.Чуриновтың шақыруымен Херсон қаласының 200 жылдығы мен Жеңістің 40 жылдығы мерекелеріне барып, майдандас достарымен кездесіп қайтты. Осы қалада өзіне партия билетін тапсырған гвардия полковнигі В.А.Парфеновпен, тағы да басқа майдандастарымен жүздесті.

1984 жылы Донбасты азат етудің 40 жылдығына орай «Ардагерлер кеңесінің» шақыруымен Волнавах қаласында майдандастарымен кездесті.

1985 жылы Волнавах, Херсон, Берислав қалаларын азат еткені үшін осы аталған қалалардың «Құрметті азаматы»деген атақ берілді. Бұл – біз, артында қалған ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш. «Әкенің еңбегі балаға өнеге» деген осы деп түсінеміз.

1985 жылдың сәуірінде майдандастардың 363-атқыштар дивизиясының, (кейіннен 22 гвардиялық дивизия деп аталды) Свердловск қаласында кездесті.

1986 жылы 11 березня (украинша айдың аты) Берислава аудандық «Маяк» газетінде Сакан Бозимбеков (Бозымбеков) жайлы мақалажарияланды.

Асқар таудай әкеміз 2000 жылдың 15 желтоқсанында, ал анамыз 2003 жылдың 15 желтоқсанында өмірден озды. Жатқан жерлері жарық болғай.

Авторы: Бозымбеков Сахан ұрпақтары