Хабар телеарнасы

Буштаев Фёдор (Зәйкен) Карпович (1925 – 1985 жж.)

Буштаев Фёдор (Зәйкен) Карпович (1925 – 1985 жж.)

Буштаев Федор (Зәйкен) Карпович 1925 жылы 15 мамырда дүниеге келген. 17 жасар жас жігіт соғысқа аттану үшін өзіне екі жас қосып алған. Зәйкен Буштаев Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың желтоқсан айында шақырылып, Томск қаласындағы артиллерия училищесіне оқуға жіберіледі. 1944 жылдың желтоқсан айында 9-шы армияның 5-атқыштар бригадасы, 404-гвардиялық зеңбірек полкінің құрамында ІІІ Украина майданында соғысқа енеді. Жас офицер, батарея взводының командирі Зәйкен Буштаев алғашқы ұрыстардан-ақ өзінің Отанын шынайы сүйген, жігерлі де қайсар командир екенін көрсете біледі. Үш ай өткенде лейтенант шенін алады. Бухаресті, Будапешті азат етуде, Вена қаласы үшін болған ұрыстарда асқан ерлік көрсетеді.

Атамның батыл офицер болғандығын 9-шы армия газетінің 1945 жылғы наурыз айындағы санында жарияланған әскери тілші В.Селантьеваның «Офицер Буштаев» деген мақаласы айғақтайды. Әскери тілші батарея командирінің алғы шептегі қырғын ұрыс кезіндегі қайсарлығы мен ерлігін суреттей келіп, жас офицердің сондағы мына айтқан сөздерін келтіріпті: «Иә, мен бақыт үшін күрестім. Бақыт үшін қан төгудемін. Қанды арпалыста халқымның тағдырын қорғасып, болашақ ұрпаққа бақыт әпердім. Қорқынышқа жиіркенішпен қарап, жеңіске жеттім», – депті 22 жасар офицер. Ол соғыстан кейін екі жыл оккупациялық әскер құрамында әскери қызмет атқарды да, 1947 жылы туған елі Қазақстанға аман-есен оралды. Майдангер бейбіт өмірде еселі еңбек етіп, жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданында партия комитетінің хатшысы, Қарағанды облысында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлімше меңгерушісі, Сұрыптау кентінде тергеуші қызметтерінде болды.

Байырғы артиллерист, гвардия капитаны Зәйкен Буштаев соғыс жылдары «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Венаны алғаны үшін», «За Победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» және басқа да медальдармен марапатталған. Бейбіт замандағы еңбегі «Құрмет белгісі» ордені және «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, «Победитель социалистического соревнования 1980 года» белгісімен атап өтілген.

Адал еңбегі, еңбекқорлығымен 5 баласын тәрбиелеп өсірген. Мен осындай батыр адамның ұрпағы болғаныма мақтанамын!

Майдангердің отбасы ретінде біз де сол бір жылдары еліміздің тыныштығы үшін жанын қиып, ерлік жасаған аталарымызды еске алып, ерліктері алдында бас иеміз.

Авторы: немересі Буштаева Гүлнұр Маратқызы