Хабар телеарнасы

Нұрланбеков Қашқынбек (1924-2018 жж.)

Нұрланбеков Қашқынбек (1924-2018 жж.)

Әкем Нұрланбеков Қашқынбек 1924 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданына қарасты Қызыл Ту ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алынып, Қазан қаласында бір апталық әскери дайындық курсынан өткен соң майданға аттанды. 1943 жылдың қаңтар айында Псков, Великие Луки қалаларын азат етуге қатысып, осы жылдың мамыр айында 2-Волхов майданы әскері қатарында болып,Ленинградты қоршаудан толық азат етуге қатысқан.

1944 жылы тамыз айында жаудың мықты қамалдары Кенигсберг қамалын алу операциясына жәнемаршал Василевский басқарған Прибалтика майданында Эстония, Латвия, Литвия Республикаларының қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1947 жылдың сәуір айына дейін Таллин қаласында қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қатысады.

Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан жеңіспен 1947 жылы сәуір айында елге оралады.

Туған жерге оралған соң ауылдың дамуына зор үлес қосты. 1950 жылы қант қызылшасында бригадир, гидротехник қызметін атқарған. Таңның атысы, кештің батысы аянбай еткен еңбегінің арқасында колхоз 1962, 1963, 1964 жылдары қант қызылшасынан мол өнім алып, республика бойынша рекорд жасаған. Нұрланбеков Қашқынбек «Ауыл шаруашылығы көрмесінің үздігі» атағына ие болған. Екі рет аудандық маслихат депутатына сайланған.

1968-86 жылдар аралығында колхозда бас гидротехник болып қызмет атқарды. 1984 жылы «Құрметті колхозшы» атағына ие болып, зейнеткерлікке шығады.

Бар саналы өмірін туған елі мен халқының өсіп-өркендеуіне, сонымен бірге өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан, ел құрметтісі атанған Қ.Нұрланбековке 2017 жылы «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әкеміздің майдан даласындағы ерліктері мен ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс-жағдайларының жақсаруы жолында аянбай еңбек етіп, ауылды өркендетуге қосқан үлесі ескерусіз қалған емес.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «I дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін», «Георгий Жуков», «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «Германияны жеңгені үшін»,«Ұлы жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық» мерекелік медальдары, «Жеңістің 25 жылдығы» белгісі, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «КСРО Қарулы күштеріне 50, 70 жыл» медальдарымен және әр жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні мерекесіне орай Елбасының құттықтау қағаздарымен марапатталған.

Елге сіңірген көпжылдық ерен еңбегі үшін: «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерлік қызметі үшін» (екі мәрте), «Тың жерлерді игеру», «Ауыл шаруашылығы көрмесінің үздігі» медальдарымен және бірнеше рет Меркі ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен» және Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай «Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін» грамотасымен, облыстық алғыс хаттармен марапаттаған.

Елі үшін ерен еңбек етіп, халық ықылас-ілтипатына бөленген, ұлағатты істерімен, қарапайым, адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған әкем осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті.

Анам Хамзатқызы Сапырахан екеуі 6 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, олардан немере, шөбере көрген.

Әкеміздің өнегелі өмір жолы ұрпағының жадында мәңгі қала бермек. Өмірдің қиындығы мен сынағына мойымай, еңбегімен құрметке бөленген, шежіре кеуде әкеміздің әрбір айтқан сөзі біздерге өсиет, өмірі өнеге болмақ. Артынан ізін жалғастырып, әкесініңарманын орындаған бала-шағасы, немере-шөбересі барда әкем мәңгі тірі.

Авторы: қызы, педагогика ғылымдарының  кандидаты Ерия Қашқынбекқызы