Хабар телеарнасы

Исетов Шарип (1905-1978 жж.)

Исетов Шарип (1905-1978 жж.)

Әкем Шарип Исетов 1905 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин (бұрынғы Табын ауданы), Жарқамыста дүние келген. Шұбарқұдық поселкесінде пошта бөлімін басқарған.

Ұлы Отан соғысына 1942 жылғы 20 шілдеде шақыртылған.

90-гвардиялық атқыштар дивизиясының 274-гвардиялық атқыштар полкі мергені ретінде батырлығымен көзге түскен. Жау тылында батальонның жауынгерлік әрекеті кезінде 146,7 метр биіктіктен жау шабуылына тойтарыс беру кезінде әкеміз танкке ПТР-ға қарсы қаруымен жауға қарай ұмтылған. Өзінің осы әрекетімен қалған солдаттарды да соңынан ерте біліп, жаудың станокты пулеметін жойған. 1944 жылғы 30 маусымда осы ерлігі үшін III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған.

Елге аман-есен оралған әкеміз отбасы құрып, екі қыз, бір ұл сүйді. Ұзақ жылдар бойы Кенкияқ, Шұбарқұдық поселкелерінде пошта бөлімін басқарып, 1965 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1978 жылы әкеміз өмірден өтті. Ұлы жеңістің 30 жылдық төсбелгісімен, КСРО-ның қарулы күштеріне 50 жыл медалімен марапатталды.

Бүгінде майдан өтінде жүріп, зұлым соғыстың қандай екенін өз көздерімен көрген батыр әкелеріміз бен аналарымыздың саны жылдан жылға азайып келеді.

Жеңістің 75 жылдығына орай мен бүгінгі ұрпақтың өкілі ретінде батырларымыздың ерліктеріне тағзым ете отырып, әкемді сағына еске аламын.

Авторы: қызы Ханзада Шәріпқызы Есетова, немерелері мен жиендері