Хабар телеарнасы

Таспағанбетов Жолан Таспағанбетұлы (1925-2001 жж.)

Таспағанбетов Жолан Таспағанбетұлы (1925-2001 жж.)

Менің атам Таспағанбетов Жолан Таспағанбетұлы 1925 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Молотов атындағы колхозда дүниеге келген. Отбасының жалғыз ұлы болған. Ол Молотов атындағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін колхоздың жұмысына ерте жасынан араласқан. Жасы 18-ге толған жас жігітті 1943 жылы Қызыл армия қатарына шақырған. Майданға жетпес бұрын жарты жылдай Полтава түбіндегі І-гвардиялық жаяу әскер корпусында әскери дайындықтан өткен. Ол майдан даласында пулеметші болып бекітіледі.

Атам алғаш рет 1944 жылы Венгрияда ұрысқа түседі. Дунай өзенінен өткен бетте немістердің бекінісіне кездесіп, ұрыс басталып кетеді, сол ұрыста атам басынан ауыр жарақат алады. Еш дыбыссыз жатқан атамды украин, еврей достары дәрігерлік бөлімге жеткізген. Атамды ол жерде өлдіге балап, үстіндегі киімдерін шешіп алғанда құжаттары сонымен бірге кетеді. Бірақ атам Алланың күшімен аман қалады. Жеңіс туралы хабарды Донбаста госпитальде жатып естіген. 1946 жылы ол ІІІ топтағы мүгедек болып елге оралады. Атам сол соғыста алған жарақатынан 2001 жылы дүниеден озды.

Үйдің төрінде атамның І-ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін»,«Маршал Г.Жуков», КСРО қарулы күштерінің мерейтойлық медальдары бар. Біз жыл сайын Жеңіс күнінде атамның шаңырағында бас қосып, зиратына барып құран бағыштаймыз.

Бізге бейбіт өмір сыйлаған атамды мақтан тұтамыз!

Авторы: Жоланов Бекзат