Хабар телеарнасы

Бегалиев Пахрадин (1925-2012 жж.)

Бегалиев Пахрадин (1925-2012 жж.)

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл! Көк пен жерді сілкіндіріп, әлем халқын алаңдатқан фашизмді жеңу үшін алпауыт ажалмен күрескен миллиондаған адамның бірі 142-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері Бегалиев Пахрадин 17 жасар бозбала шағында 1943 жылы майданға аттанған.

Ұлы Жеңісті жақындатқан майдан даласында ерлік көрсетіп, сұрапыл қанмайдан соғыста фашизммен айқаскан жауынгер атамыздың рухына бас иеміз.

Бегалиев Пахрадин 1925 жылы 5 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Майдан алаңына бір отбасынан 5 азамат аттанып, біздің атамыз ғана аман оралған. Қалған бауырлары соғыста қаза тапқан.

1943 жылы Моңғолия жерінен Германиядағы Одра өзеніне дейін барып, 1945 жылы ақпан айында аяғынан жараланып, көрші ротадағы жерлес досының көмегімен госпитальге жеткізілген. Госпитальде бір жыл жатып, 1946 жылдың тамызында бір аяғынан айырылып, елге оралған.

Басынан өткен қиындыққа мойымай, аяулы әжеміз Сәрсенкүлмен бас қосып, екі ұл, екі қыз, тоғыз немере сүйіп, бейбіт өмірдің батыры болған. Қазір батыр атамыздың жары Сәрсенкүл әжеміз 5 шөбере сүйіп отыр. Пахрадин атамыз біз үшін қызыққа толы ғажайып кітап сияқты еді. Себебі майдандағы ерлігімен қатар, бойында жыраулық өнері болды. Атамыздың жыр жинақ дәптері болатын. Бірде үйімізге Қазақстанға белгілі фольклорист ғалым Мардан Байділдаев келіп, қона жатып, атамыздың өлеңдерін көшіріп, өзінің «Бес ғасыр жырлайды» атты жыр жинағына енгізген. Домбырасын күмбірлетіп күй ойнап та отыратын. Бұл өнерінен бөлек, атамыздың қолынан шыққан қаншама аяқ киім мен өзіміздің ұлттық мәсілерді іздеп үйге көптеген кісінің келетіні де есімізде.

Пахрадин атамыз соғыстың аяғында соңғы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Кеңес Одағының маршалы «Георгий Константинович Жуков» медалінің, ҰОС орденінің, Ұлы Жеңістің 25 жылдық, 30 жылдық, 50 жылдық, 60 жылдық мерекелік медальдарының иегері. Атамыз Бегалиев Пахрадин 2012 жылы 11 қарашада немерелері мен шөберелеріне өсиетін айта отырып, дүниеден озды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, елі үшін күрескен Пахрадин атамыздың артында қалған ұрпақтары рухына бас иіп, тағзым етеміз!

Еске алушылар: Бегалиевтер әулеті