Хабар телеарнасы

Қалиев Сағынтай Қалиұлы (1923-1992 жж.)

Қалиев Сағынтай Қалиұлы (1923-1992 жж.)

Елім деп соққан жүрегі...

Тарихты ұлықтау тұрғысынан алғанда дүние жүзінің бестен төртінің тағдырына әсер еткен, 40-тан астам мемлекет аумағын қамтыған, адамзат тарихында өшпес даңқ, өлмес рухымен жазылған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы болмақ. 1418 күн мен түнге созылған соғыста бабаларымыз майданның алғы шебінде, ұрыс даласында ғана жүрген жоқ, тылдағы тіршілік те «Барлығы тек майдан үшін, Барлығы тек Жеңіс үшін!» ұранымен өмір сүрді.

Бұл Жеңіс – ұрпаққа аманат! Мен де осы аманатты орындап, атамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағынтай Қалиев жайлы жазғым келеді.

Атамыз Сағынтай Қалиұлы 1923 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қайрақты ауылы, Қызылту өңірінде қарапайым шаруа отбасы Қали мен Жаңғақтың отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын Қайрақты кенішінде бастаған ол, бір жыл ғана осы кеніште жұмыс істеп, 1942 жылы мамыр айында Кеңес Армиясының қатарына шақырылады. Төрт ай алғашқы даярлықтан өткен Сағынтай Қалиұлы 94-атқыштар полкіне атқыш ретінде жіберіледі. Осы полктің қарамында Сталинград қаласын қорғауға қатысады. Жалпы, Ұлы Отан соғысы тарихында Сталинград үшін болған шайқас Екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі болып табылады. Бұл зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. Жау өлгені, жараланғаны, тұтқындалғаны, хабарсыз кеткендері бар 1,5 млн-ға жуық солдат пен офицерінен, ал Қызыл Армия 1 млн-нан астам адамынан айырылды. Осы қантөгіс қырғынға қатысқан атам аяғынан жараланып, Саратов қаласында госпитальде жатады.

Жарақатынан жазылып шыққан атам Свердловск қаласында төрт-бес ай радистер курсын оқып шығып, қайтадан майданға бет алады. Калинин майданында шайқастарға қатысқан атам Сағынтай 1942 жылы ежелгі орыс қаласы Великие Луки қаласын азат ету шайқастарына қатысты. Бұл шайқас алғашында Сталинград шайқасында қосалқы түрде ғана жобаланғанымен, артынан кеңес әскерінің аса ірі жеңістерінің біріне айналған.

Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен осы бір шақта ұрыс даласында бір кісідей ерлік көрсеткен атам 1943 жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын азат етуге қатысады. Невель үшін болған шайқас бірнеше күнге созылады. Қала біресе фашистердің, біресе Кеңес жауынгерлерінің қолына өткен қиян-кескі шайқаста Кеңес жауынгерлеріне қосымша күш келіп жетіп, Невель қаласы жаудан азат етіледі.

Осы шайқастан кейін Сағынтай атамды Калинин облысындағы офицерлік училищеге оқуға жібереді. Офицерлік училищеде алты ай оқыған атам, кіші лейтенант атағымен оқ пен отқа оранып жатқан Прибалтикаға жіберіледі. Латвияны фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады.

Соғыс туралы әңгімелеп отырғанда атам күрсініп, көпке дейін үнсіз қалатын.

Атам Рига қаласын азат ету шайқастарында ауыр жараланып, есін Иваново қаласының госпиталінде бірақ жияды. Талай боздақтың арманы болған Жеңіс күні туралы сүйінші хабарды осы госпитальда естиді.

Талай жарақаттанып, талай майдандарға қатысқан Сағынтай Қалиұлы атамыз 1945 жылдың қыркүйек айында елге аман-есен оралады.  Елге оралысымен көп еңбек етті.

Ұлы Отан соғысына 19 жасында қатардағы атқыш болып атанған Сағынтай атам, оны кіші лейтенант офицерлік атағымен аяқтады. Көптеген жауынгерлік медальдармен, ордендермен марапатталған.   

Соғыстан алған жарақаттары көп сыр беретін, кейде ескі жаралары сырқырағанда жанын қоярға жер таба алмай қалатын. Сағынтай атам 1992 жылы 69 жасында дүниеден озды.

Атамның артында өшпес ізі балалары қалды. Сағынтай атамнан туған бес баладан тараған ұрпақ бүгінде бес орда болып отыр.

Осындай соғыстағы өшпес ерлігімен де, бейбіт өмірдегі ерен еңбегімен де халқына сыйлы, қадірлі болған Сағынтай Қалиұлы атамыздың өмірі ұрпағына үлгі боларына кәміл сенемін!

Авторы: Асия Қалиева