Хабар телеарнасы

Қожахметов Рымтай Сембайұлы (1924-1980 жж.)

Қожахметов Рымтай Сембайұлы (1924-1980 жж.)

Рымтай Сембайұлы Қожахметов 1924 жылы Қарағанды облысы, Қу (Егіндібұлақ, Қазыбек би ауданы) қазіргі Қарқаралы ауданы, Абай селолық округіне қарасты Дегелең тауы етегінде, Арғын Каракесек ішінде Бертістен-Мөшеке-Бектемір-Қазанғаптың Ырысымбетінен тарайтын Қожахмет әулетінің атамекені Мөшеке қыстауында Сембай отағасының шаңырағында туған. Ауылдың бастауыш мектебінде сауатын ашқан ол әкеден жастай қалып, колхоз жұмысындағы шешесіне көмектесіп жүріп, жетіжылдық мектепті бітіреді.

1939 жылы Қызыл Армия қатарында әскери борышын КСРО-ның Жапониямен (Маньчжурия) шекаралас тұсындағы бөлімдердің бірінде өтеп жүрген жерінен 1941 жылы ҰОС басталып, майданға шақырылады. Соғысқа 1942 жылы толық әскери даярлықпен кіріп, неміс фашистерінің бетін қайтарған. Алғашқы ірі ұрысқа Курск доғасындағы шайқасқа араласады. Курск – Орел бағытындағы майданда барлаушы болады. Ұрыс беті Белоруссияға бұрылған 1943 жылы  ерлігі мен жанқиярлығы үшін үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Осы жылы аяғынан ауыр жараланып, ұзақ уақыт госпитальде емделіп, 1944 жылы соғысқа қайта кіреді. 1945 жылы құрамында сержант  Рымтай Қожахметов бар барлаушылар отряды дұшпанның оғы астында қалады, жауынгер Қожахметовтің жүрек тұсынан дөп тиген оқ төсқалтасындағы кітапшаның жез пластинкалы бетіне жетіп тоқтайды.

Бейбітшілік жылдары Семей қаржы техникумын бітіріп, сол мамандығымен Егіндібұлақ аудандық қаржы мекемесінде зейнет жасына дейін экономист болып істеді. Үш бала тәрбиелеп өсірді. 1980 жылы қайтыс болды.

Авторы: немересі Жомарт ҚОЖАХМЕТОВ