Хабар телеарнасы

Сүйінжанов Нығмет (1911-1942 жж.)

Сүйінжанов Нығмет (1911-1942 жж.)

Әскери атағы:729 атқыштар полкының аға сержанты, бөлім командирі.

Әскер қатарына шақырылған орны:Қазақ ССР-ның Артауыш аудандық әскери комиссариаты.

Менің атам соғысқа дейін Ақмола облысы, Степняк ауылында ауылдық мектеп ұстазы, кейіннен мектеп директоры қызметін атқарған. Майданға шақырылғанда небәрі жиырма тоғыз жаста еді. Үйленгеніне бір жылдық уақыт болмаған атамның соғысқа аттанарында әйелі Сүйінжанова Ғайникамалдың құрсағында бес-алты айлық бала болды. Іштей сүйген жарының қыз босанатынын сезген атам: «Қыз туса, есімін Күлше деп қой» деп майдан шебіне аттанады. Осылайша 1940 жылы желтоқсан айында менің нағашы әжем Күлше дүние есігін аттайды. Өкінішке орай, әжеме қантөгіс майданға аттанған әкесін көру бақыты бұйырмайды.

1942 жылы 25 мамыр күні тізе буынынан оқ жарақатын алған атам Сүйінжанов Нығмет елге оралмайды. Атамыз Ресей аймағындағы Смоленск ауданы, Селезни ауылы маңындағы бауырластар зиратында жерленгенін біз, ардагер ұрпақтары еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана білдік.

Атамыздың жалғасы біздің қанымызда, атамызға деген ыстық сезім біздің мәңгі жүрегімізде. Оның ерлігі біздің мақтанышымыз. Аспанымдағы әрбір бейбіт күнім үшін ата рухы алдында басымды иемін. Отанымызды жан аямастан қорғаған батыр аталарымызға алғысымыз шексіз! 

Авторы: шөбересі Камила Тусупова