Хабар телеарнасы

Отаров Сайлыбай (1912-1975 жж.)

Отаров Сайлыбай 1912 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Тұрмағанбет ауылында дүниеге келген. Жаяу әскерде болған. Снайпер.

«Атадан жалғыз ұл едім. Әлі отбасын құрмағанмын. Әкеден ерте айрылдым. Арқа сүйер тірегі мен едім анашымның. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Еркек кіндіктің бәрін соғысқа алып кетіп жатты. Анам «Балам, Алладан тілерім аман келуің», – деп батасын беріп, жаяу әскер құрамына алындым»,- деп айтып отыратын әкем.

Әкем 1941 жылдың маусым айының 16-сы күні әскер қатарына шақырылып, Украина майданында жаяу әскер сапында жауынгерлік міндетін атқарған. Әкем соғыс жайлы көп айта бермейтін. «Зұлмат соғыс қанша қыршын жастарды алып кетті ғой», – деп отыратын.

Арасында айтып қалған әңгімелері есімізде қалып қойған. Соны немере, шөберелеріне айтып отырамыз. «Балам соғыс кинода көрсетеіп жүргендей емес, атылған оқтан бас көтере алмайсың. Снарядтар жарылып, адам өліп жатады. Бүгін бірге отырған адам ертең жоқ болатын. Жеңіс оңай келген жоқ...

«Сеп атака» дейді, 10-20 м арақашықтықта тұрып атыс жүргізесің. Бірде аспаннан бомбалайды. Қара түтін ешкімді көрмейсің, оқ тимес үшін бомба түскен шұңқырға тығыласың. Сөйтіп іздеп келе жатып шұңқырға түсіп жаттым. Қарасам, 4 неміс көздері көкшиіп отыр, өздері жас балалар. Бомбадан қорқып тығылған көрінеді. Мылтықты соларға қаратып «Алдыма түс», – дедім. Солай оларды тұтқынға алдық».

...Украинада соғыс жүріп жатыр, немістермен біраз шайқастық. Олар шегінеді, біз артынан жәймеңдеп ығыстырып келеміз. Орманға жақындап қалдық. Қалың орманға бастап кіре бергенде, немістер ақ жалау көтеріп «Берілдік», – деді. Жалау көтерілсе, атуға болмайтын. Кенет жан-жақтан оқ жауа бастады. Сөйтсек, олар айлаға салып, бізді тұзаққа түсірмек болған екен. Сол жерде қасқайып тұрып шайқасып, 20 шақты әскер қалдық. Көп сарбаздан айрылдық, көбі жарақаттанды. Сол шайқаста қолымнан ауыр жарақат алып, госпитальге түстім.

Әкеміздің ерлігі еленбей қалмады. «Берлинді алғаны үшін», «Ерен ерлігі үшін» т.б медальдармен марапатталды.

1945 жылы жеңіс тойын Берлинде тойлап, елге оралады. Қазір ұл-қыздары, немерелері білім алып, әр салада еңбек етуде.

Авторы: қызы Отарова Бақытгүл