Хабар телеарнасы

Байманов Нұрділдә Биманұлы (1909-2008 жж.)

1909 жылы Есіл өзенінің бойында (Қостанай облысы), Еспе жайлауында дүниеге келген.

Әкем Нұрділдә 1942 жылы соғысқа өзі сұранып, Қазақстаннан құралған 316-атқыштар дивизиясы қатарында Калинин бағытында соғысқан. Наурыз айы болатын. Калинин станциясынан түскен соң, 200 шақырым жаяу жүріп, бірден майданға кіріп кетеді.

«Қай жыл екені есімде жоқ, кезекті бір шайқас еді. Қанды етікпен кешіп жүрміз. Мыңдаған адамнан айрылдық. Айналамыз қырылған солдаттар. Жанымызға бірі көк атты, бірі қара атты екі офицер келді. Ірі денелісі қатқыл үнмен, нық сеніммен «Жасымаңдар, бәрібір біз жеңеміз! Қосымша күш келеді», – деп жігерлендірді де, ілгері жүріп кетті. Қосымша көмек келіп аман қалдық сол шайқаста. Міне сондағы батальон командирі Баукеңнің (Б.Момышұлы) бейнесі әлі есімнен кетпейді...»

...Әкем Бауыржан Момышұлын көргенін үнемі айтатын. «Ұзын бойлы, үстінде қара плащ киген. Екі офицер келіп бізді жігерлендіріп, рух берді. Қосымша көмек келетінін айтып, ілгері жүріп кетті. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген», – деп айтып отыратын. Соғыста 3 рет жарақат алады, ең ауыр жарақат басына снарядтың жарқыншағы тиіп, миы зақымдалуға сәл қалған екен.

«Ол кездегі дәрігерлер мықты еді ғой, шіркін»,–  деп отыратын. Одан кейін аяғынан қатты жарақат алған екен. «Алыстан снарядтар жарылып жатыр. Басым айналып тұра алмаймын, қан кетіп жатыр. Солдаттар жүгіріп, жарақаттанғандарды алып кетіп жатыр. Менің кезегім келіп, госпитальге алып бара жатқан. Алыстан «Нұрділдә!», – деп біреу жылаған дауыспен  шақырды. Қарасам өзімнің көршім Саламат: «Орныңа мені жіберші», – деп сұрайды. «Жарайды», – деген едім, қасымдағы солдаттар «Қазір сенің кезегің, қазір кетпесең, екі күннен кейін келеміз», – деді. Сонда да көршімді өз орныма жібердім», – деп отыратын. 

Алған медальдары да бар: «Ерен ерлігі үшін» 1944 жыл, «Кенигсбергті алғаны үшін» 1945 жыл. Соғыстан 1946 жылы оралып, ұсталықпен айналысқан. Қазір ұл-қыздары мен немере, шөберелері білім алып, өз салаларының білікті мамандары.

Авторы: ұлы Байманов Абзал