Хабар телеарнасы

Еркінбек Түменбайұлы

Еркінбек Түменбайұлы

1941 жылы 22 маусымы соғыс басталған уақытта менің атам Еркінбек Түменбайұлы К.Маркс мектебінің 8-сыныбын оқып бітірген еді. 1942 жылдың 22 қаңтарында өз қатарластарынан қалмай, Отан алдындағы борышын өтеуге Жамбыл облысы, Талас ауданынан Кеңес Одағы әскерінің қатарына алынады.

Содан 1942 жылдың мамыр айының басында №384 атқыштар полкіне жіберіледі. Мамыр айының аяғына таман Новороссийскі, Краснодар қалаларын немістерден азат етуге күш салады. 1942 жылдың қазан айында Қап тауының етегі, Пеодоцияға оңайлықпен келмегенін, Майкоп қаласын босатуда сұрапыл шайқастарға кездескенін айтады. Бұл соғыс осылай жалғаса береді, 1945 жылы Берлин-Прага тасжолын немістерден тазарту кезінде снаряд жарықшағы сол көзіне тиіп жарақат алады, соған қарамастан жан қиярлықпен соғысты жалғастырады.

1945 жылы №57 дивизияның командирі генерал-майор Батовтан, қарамағындағы №80 мех полктың командирі, подполковник Лапиннің басқаруымен батыстағы Гамбург қаласына бет алады, неміс халқы жеңілгендігін мойындап, қарсылық көрсетпей қолдарын көтеріп беріліпті. Соғыс барысында полк командирі Лапиннен тоғыз рет алғыс алады.

1945 жылы 8 мамыр күні Гамбург қаласынан 30 шақырымдай, ал Рошток қаласынан 13 шақырымдай жерде Америка әскерлерімен бетпе-бет келеді , «соғыс тоқтады»деген хабарды естігенде, әскерлер бір-бірін қапсыра құшақтап, қуаныштан көз жасына ерік беріпті.

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен батылдығы, ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, Германияны жеңгені үшін  медальдарымен марапатталады.

1946 жылы қараша айының соңында қатардағы жауынгер 57 мм миномет батереясының старшинасы елге сағынышпен оралады. Елге келген соң 40 жыл ғұмырын бала тәрбиелеуге, ұстаздыққа арнады. Ұзақ жылғы жемісті еңбектерінің арқасында «Қазақстанның оқу ісінің үздік қызметкері»белгісімен марапатталды. Аманқыз апамызбен бақытты отбасын құрып, саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. 2010 жылы 18 маусымда 88 жасында дүниеден өтті

Сіз жасаған ерлік мәңгі біздің жадымызда!

Мен сіздей өр тұлғалы атамның ұрпағы болғаныма ерекше мақтанамын!

Авторы: немересі Түменбай Айнұр Сағатбекқызы