Хабар телеарнасы

Спатаев Сапарбай (1904-1986 жж.)

Спатаев Сапарбай (1904-1986 жж.)

Ұлы Отан соғысы аяқталып, бүкіл жұрт бөркін аспанға атып қуанғанына да 75 жыл өтті. Осы тұста туған елі, туған жері үшін бәріне дайын болған әкем жайында сөз қозғамақпын...

Әкем Сапарбай Спатаев (Руы - Уақ) 1904 жылы (нақты қай жерде туғаны белгісіз) дүниеге келіп, нағашыларының қолында тәрбиеленеді. Тегін де нағашылары берген. Кейін шамамен 12 жасында інісі Сыбанбай екеуі тағдыр бұйрығымен қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылына көшіп келеді. Сол ауылда өсіп-өніп, анам Сәрсенкүл Құлтасқызымен отау құрады.

Соғыс басталған жылы әкем сал ауруына шалдығып, аяқ-қолы істемей, әскерге жарамсыз болып қалады. Қызыл әскер «алып кетеміз» дегенінде, 16 жасар інісі Сыбанбай шын жасын жасырып: «Ағамның орнына мен барамын», – деп Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Кейін сол жылы-ақ, 1941-де ауылға «Спатаев Сыбанбай аса ерлікпен Ленинград түбінде қаза тапты» деген қара хат келеді.

Екі жыл өтер-өтпес, 1943 жылы ауруынан толығымен сауыққан әкем Сапарбай соғысқа аттанады. Владивосток, Камчаткада атқыштар полкінде әскери қызметін атқарады.

Әкемнің өз аузынан:

«Мыңдаған қанды көйлек жолдастарымыз майдан даласында бір-бір төмпешікке айналып, өліп жатты. Сол кезде қасымдағы өзбегі бар, татары бар, барша мұсылман болып жиналып, туған жердің топырағы да, ауасы да бұйырмай,далада қалып қойып жатсақ деген оймен өзіміздің жаназамызды шығардық. Қай жерде, қалай өлеріміз бір Аллаға аян болды...»

Бірде майданда жүргенде снаряд жарықшағы құлақ тұсына, шынтағына тиіп, қатты жараланған әкем есінен танып жатқанда түс көреді. Түсінде: «Сен Спатаев емессің, Жексенбаевсың. Әкеңнің аты – Жексенбай» деп аян келеді. Содан көп жерде тегін Жексенбай деп жаздыртқан.

Соғыстың қырғынын бастан өткеріп, Жеңіс таңын да майданда қарсы алады. Бірақ әкем бірден ауылға оралмайды. 1945 жылғы 9 тамыз одақтастық міндеттемелерге сәйкес КСРО соғысының соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталады. Қиыр шығыста Жапонияға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында менің әкем Спатаев Сапарбай соғыс жылдарын жалғастырып, 1947 жылы елге аман есен оралады.

Елге келген соң да еңбекқор әкем тыным таппайтын. Сол жылы-ақ баршаның көз жауын алатын үлкен бау-бақша отырғызды. Алма, шие, алмұрт секілді жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі өсетін. Өмірінің соңына дейін сол бақшалық егінмен айналысты. Соның да арқасында болар, бір ауырып, төсек тартып жатып қалған емес.

Ұлы Отан соғысының от-жалынынан өткен ол келген жылдары соғыс жайында көп тіл қатпайтын. Зұлмат жылдарды сипаттайтын түрлі фильмдер экранға шыға бастаған кезде, әкем көріп отырып: «Е, соғыс мұндай емес, бұдан да сұрапыл болған», – деп көзіне жас алатын. Соғыстан кейін ерен еңбектері үшін берілген көптеген орден-медалі бар болатын: «Соғыстың біткені», – деп бізге, балаларына тағып қоятын. Содан біраз марапатын ойнап жүріп біз жоғалтқан едік, ал қалғанын анамыз қайтқаннан кейін өзі жағып жіберген екен. Бірақ өмірінің соңғы күніне дейін әр жыл сайын Жеңіс күнінде әкеме алғыс хаты келіп тұратын.

Батыр анамыз Сәрсенкүл 13 құрсақ көтерген, бірақ аман қалып, ер жеткендері екі ұл, үш қыз. Сол үшін де менің атымды «аман қалсын, тұрсын» деп Тұрғанкүл қойған екен. Әке-шешеміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Олардан бүгінде әулетімізде немере, шөбере тараған.

Асқар таудай әкеміз 1986 жылы, ал анамыз одан он жыл бұрын 1976 жылы өмірден озды.

Жатқан жерлері жарық болғай!

Авторлары: қыздары Тұрғанкүл, Ерлан Сапарбайқызы