Хабар телеарнасы

Әкім Айтмырза (1915-2014 жж.)

Әкім Айтмырза (1915-2014 жж.)

Соғыс жаңғырығы алыстаған сайын ардагерлеріміздің саны да күннен күнге кеміп бара жатқаны жанға батары хақ. Сұрапыл жылдар бүгінде самайын ақ шалған қариялардың балалық шағын ұрлаған зұлмат. Жер-дүниені дүр сілкіндіріп, талай жанның өмірін жалмап, талай отбасының бақытын бұзған Отан соғысы уақыт өлшемі бойынша бес жылға созылғанмен, оның қайғы-қасіретке толы ізі, мұңға толы әңгімелері мен ерлікке толы естеліктері өміршең, ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.  Қазақтың қаракөз ұл-қыздары ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, тіпті қыршынынан қиылса да, өзгелер алдында туған елінің мерейін мәңгілікке көтеріп, жатқа қазақтың батыр халық екенін дәлелдеп берді.

Жау жендеттері елдің шекарасында баса көктеп кіргенде атамыз Айтмырза Қазалы ауданының Құмжиек ауылында колхозшы болатын. Сұрапыл соғысты жұртпен бірге қабырғасы қайысып, күйзеле қарсы алды. Атамыздан сол сәтте қандай күй кештіңіз деп сұраған әр адамға «Не болса да, көппен бірге көрерміз деп ойлап, сыр бермеуге тырыстым» дейтін.

1941 жылы маусым айында ғана жас шаңырақ болып, үлкен өмірге аяқ бастық дегенде бір айдан кейін бір үйдің қос ұлына да әскерге шақырту келетіні дәл сол сәтте ешкімнің де ойына келмеген болар. Отан қорғау жорығына аттанған ағалы-інілі жалын жүректі жігіттер отбасы, ағайын-туысымен қоштасып, ертеңгі күннен не күтерін де білмей, бірнеше тәулік бойы қызыл вагонмен белгісіз жерге кете барды.

Алты айлық полктік мектепте әскери оқу-жаттығудан өтіп, емтиханды үздік тапсырады. Жан-жақты дайындықтан соң бауырынан ажырап, гвардиялық полк құрамында Сталинград шайқасына қатысты. Бес айдан соң Қиыр Шығысқа жіберіліп, Жапонияға қарсы соғысқан.

1942 жылдың тамыз айында 10  гвардиялық дивизия жауынгерлері құрамында 3 күндік құрғақ тамақтарын алып, немістерді барлауға шығады. Таңертең пойыз жолға кездесіп, күн шыға жолдан өте бере 300 метрдей қашықтықтан немістерге кезігеді. Олар оқты қарша боратады. Осы жерде совет жауынгерлері көп шығынға ұшыраған. Айтмырза өзімен бірге барған ауылдасы Махамбетиярмен ұрыста ажырап қалып, бұдан кейін кездеспеген. Тағы бір ауыл досы Жауқашаров Садық ауыр жараланып, одан да айырылған. Осы ұрыста ержүректілігімен танылып, «Советтік Заполярьені қорғағаны үшін» медалін майдан қолбасшысы маршал Рокосовскийдің өзі салтанатты түрде тапсырған. Германияның Руммезбург, Штольп, Картуз, Сандмоне, Кенисберг, Тчев, Вейьхарово, Лауенбург, Гдынья қалаларын алудағы жойқын шайқастарға қатысады. 

Жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталып, СССР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің атынан сегіз рет Алғыс хаталды.

1945 жылы Германияда ауыр шайқастың бірінде мойнынан жарақаттанып, елге оралған. Туған жері Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №2 ауылына (қазіргі Пірімов ауылы) келген соң жұмысқа белсене кірісіп, ауыл шаруашылығының өркендету саласындағы белсенділігіне «Еңбек ардагері» медалі берілген.

Отбасылық өмір бастауы қиын-қыстау кезеңіне тап болып, қатты болып басталғанымен жары Ырысқал екеуі бес бала тәрбиелеп, 20-дан аса немере мен шөберенің қызығына тоймай өтті. Тек атамыздың жанына батқаны інісі Әкім Қосмырзаның соғыстан оралмай, хабарсыз кеткені еді.

Соғыстан кейін де «СССР Қарулы Күштеріне – 70 жыл»; «Жеңістің 40, 50 жылдығы», Маршал Г. Жуковтың естелік медаларымен марапатталды.

Ерлік пен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Әкім Айтмырза 2014 жылы 100-ге келіп, дүние озды. Пірімов ауылының өзі тұрған көшесіне атамыздың есімі берілді.

Авторы: Айтмырзаевтар әулеті