Хабар телеарнасы

Көбеков Әлеукеш Қорғанбекұлы (1923-1974 жж.)

Kobekov Aleukesh

Атамыз Көбеков Әлеукеш Қорғанбекұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, еліне, жеріне деген патриоттық борышын орындап, артында қалған ұрпағына мақтанарлықтай рухты оятатын із қалдырған.

Көбеков Әлеукеш Қорғанбекұлы 1923 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Коминтерн ауылында дүниеге келген.

1942 жылы наурыз айында Ақтөбе облысы, Ырғыз аудандық әскери комиссариатынан Қызыл әскер қатарына аттанған болатын. Әскери мамандығы: 280-танкі жойғыш артиллерия полкінде басқарма жойғыш, артиллерия взводында аға телефонист, минометшілер тобының барлаушысы.

Көбеков Әлеукеш соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Өжеттігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады.

Өз өмірін талай қатерге тігіп, жаудың борап тұрған оғының астында полктің байланысын қамтамасыз етіп, майдандарда талай жаудың шабуылына тойтарыс берген. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың наурызына дейін Брянск майданында, 1943 жылдың наурызынан 1943 жылдың қазанына дейін Орталық майданда, 1943 жылы қазанынан 1944 жылдың сәуіріне дейін І Беларусь майданында, ал 1944 жылдың сәуірінен ІІ Беларусь қан майдандарында шайқасты. Басшылық тарапынан берілген әрбір әскери бұйрық мүлтіксіз орындалып отырған.

1943 жылы 6-8 шілде аралығында Әлеукеш Қорғанбекұлы қарсыластардың борап тұрған оғына қарамастан, Курск облысының Поныри ауданы, Самодуровка (қазіргі Игишево) ауылында зақымдалған телефон желісін қайта жалғап, штаб пен батарея арасында байланысты қамтамасыз етіп отырғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

1944 жылы 30 маусымда батарея Беларуссиядағы Минск облысы, Лапичи ауылының бойындағы Свилочь (Березина құйылысы) өзенінің сол жақ жағалауын жаяу әскерсіз иеленеді. Көбеков Әлеукеш өлген нысанашыны ауыстырып, ұрыс әдістерін дұрыс пайдаланып, жаудың екі танкісін өртейді. Нағыз кескілескен қантөгіс басталады. Осы қанды ұрыста жаудың неше мәрте шабуылын тойтарады. Тапқырлығы мен батылдығымен көзге түсіп, жеке өз қаруымен, гранатамен дұшпанның 17 солдат-офицерін өлтіреді. Көрсеткен ерлігі үшін 280-гвардиялық танкіге қарсы жоюшы артиллерия полк командирі полковник Железников 1944 жылы 10 шілдеде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.

1945 жылы 23 қаңтардың аязында Накель қаласы маңында өз автоматымен 5 неміс солдатын жойып жіберіп, жаудың бораған оғына қарамастан, командирдің бұйрығын жеткізеді. Осы ерлігі үшін «Өжеттігі үшін» медалімен марапатталған.

Одер өзенінің бойындағы қанды шайқаста 1945 жылы 15 сәуірде Цехин елді мекенінде он жерден үзілген, зақымданған телефон желісін қарша борап тұрған оқтың астында жалғайды. Берлин қаласы үшін шайқаста өз тобымен 1945 жылы 23 сәуірде өжеттілігінің арқасында жауды үлкен шығынға ұшыратады, 15 немістің солдатын өлтіріп, тағы да ерліктің үлгісін көрсетеді. Жеке өзі Франкфурт-Алес көшесінде мерген әрі шапшаңдығының арқасында карабинмен дәл көздеп 2 неміс автоматшысын өлтіреді. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

1945 жылы қазан айында аман-есен елге оралып, соғыстан кейін 1946-1974 жылдары Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Қожакөл, Тұмабұлақ, Басқұдық, Құмқұдық ауылдарында ауылдық кеңестің төрағасы болып еңбек етіп, тың игеру ісіне белсене атсалысты. Адалдығымен, іскерлігімен көзге түсіп, көптің көңіліне, жұрттың жүрегіне жол тапқан ойлы, ақылды, халық арасында беделді, сыпайы мінезді адам болған. Әжеміз Сара екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, өсіріп жеткізген.

1974 жылы 51-ге қараған жасында дүниеден өтті.

Атамыздың бұл ерлігі балалары мен немерелерінің жадында мәңгі сақтаулы және бүгінгі бейбіт өмір үшін мәңгі қарыздармыз!

Авторы: жиен немересі Аманова Тоғжан Абатқызы