Хабар телеарнасы

Орахов Сөкен (1914 жылы туған)

Orahov Soken

Менің атам Орахов Сөкен 1914 жылы Есбол округінде дүниеге келген. Ол 1942 жылы әскерге шақырылып, қаңтар айында Орынбор облысының Бурсов ауданына әкелген. Осында жаттығудан өтіп, ақпанның 24-і Брянск бағытындағы соғысқа қатысқан. Бұл бағыттағы соғыс оңайға түспеген. 4 наурыз күні атамыз жараланып, Тула қаласындағы госпитальға түскен. Бұл госпитальдан 1942 жылы 20 сәуір күні шығып, қайтадан Белоруссия бағытындағы өз бөлімшесіне келіп қосылады. 1942 жылдың 21 маусымынан бастап, Брянск маңындағы қорғаныста болған.

Атамның әңгімесінен: «Біз қабақтың сай бетінде жаттық. Немістер қабақ бетінде жатып, біздерді бас көтертпей атып отырды. Біз осы қорғаныста 400-500 адамнан 72 адам ғана қалған едік. Брянск маңында 36 адам барлауға шығып, тіл әкелуге бардық. Осыдан 13 адам ғана оралдық. Осы жылы екінші рет қатты жараландым. 1943 жылы 13 қаңтарында госпитальдан шыққаннан кейін Орлов бағытындағы бөлімшеге қосылдым. Осы қиын соғыста мен 1943 жылы 13 шілдеде ауыр жараланып, госпитальға түстім. Осында соғыста көрсеткен ерлігім үшін Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежелі орденімен наградталдым. Соғыстың барысында 4 рет медальмен марапатталдым. Мен соғыстан 1944 жылы елге оралдым. Осы ауылдан кеткен 64 адамнан төрт-бесеуіміз ғана аман оралдық. Соғыстан кейінгі жылдары егіс бригадирі, 1949 жылдан ірі қара малдың ферма меңгерушісі болып істедім. 1952 жылы түйеші болып, 1975 жылы пенсияға шықтым».

Авторы: Сөкен Гүлназ Ақанқызы