Хабар телеарнасы

Шаңбаев Башер

Shanbayev Basher

Мен соғыста қаза болған әкемнің ағасы жайлы әңгімелеп отырмын. Әкемнің туған ағасы Шаңбаев Башер соғыста мерт болды. Ол небәрі 20 жаста еді.

Башер ағам 1924 жылы Қызылорда облысы, бұрынғы Сырдария ауданы, Киров атындағы колхозда дүниеге келген. Мектепті үздік оқыды. Есеп-қисапқа өте жүйрік болған. Оқу бітіріп, еліне қызмет ету арманы еді. Бірақ соғыс басталып кетті. Ендігі мақсаты жерде жаудың бетін тойтару болды.

1942 жылы 17 жасар ағам өз еркімен әскерге сұранады. Бір ай алғашқы дайындықта болып, алғырлығымен көзге түскен Башер ағам майдан даласына кете барады. Ағамыз ірі шайқастарға қатысып, Германия жеріне дейін жауды қуып барады. Ол үйіне жазған үшбу хаттарында өзінің амандығын, жауды жеңіп, ауылға жеңіспен оралатынын жазған. Алайда 1945 жылдың наурыз айында ол хабарсыз кетеді...

Көп жылдар бойына анасы мен бауырлары ағамды тірі деп барлық жерлерге жазып іздеумен болған. Тек 30-ға жуық жыл өткенде ғана Башер ағамның 1945 жылы наурыз айында қаза болып, Германияның Беркендоф қаласында жерленгені жайлы хабар келеді. Әкем Жеңістің 60 жылдығы қарсаныңда «Сыр бойы» газетіне сұхбат беріп, ағасының өмірі жайлы әңгімелеп, оның сақталып қалған жалғыз үшбу хатын ел назарына ұсынған.

Бар болғаны 17 жасында «Елім, жерім» деген ағамның 20 жасында ерлікпен қаза болуы – қазіргі бізге үлкен сабақ. Біз Башер ағамыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз!

Авторы: Бермаханова Гүлсім