Хабар телеарнасы

Салқынбаев Қали (1902-2001 жж.)

Салқынбаев Қали (1902-2001 жж.)

Салқынбаев Қали Ташкент қаласы, Ойлық ауылында дүниеге келген. Қол пулеметшісі, зеңбірекші, барлаушы болған. «Ынтымақтарың мықты болсын, ажырамаңдар, тату болыңдар», – деп әрдайым бәріне айтып жүруші еді.

Менің Қали атам жастайынан жетімдіктің зардабын көрген. «Ішерге ас, жеуге тамақ жоқ» демей керісінше байлардың малын бағып, күн көрген. Қиын қыстау кезеңдерде де өзгелер талай рет бай малдарын алып, меншікте деп азғырса да, қожайындарына адал қызмет атқарған. Кішкентай кезінен жетімдікпен өскені сонша анасы мен әкесінің қай жерде жерленіп жатқандарын да білмей кетті. Амал қанша, оған да көнді. «Жетіммін мені сүйрер, мені алға бастар ешкім жоқ» деп жатпады, талпынды, еңбектенді. Осылайша Алла қосқан қосағын кездестіріп, шаңырақ көтерді. Жағдайдың бәрі жақсарып, барлық нәрсе оңалған тұста соғысқа шақырту алды. Албырт шақтан өтіп, оң мен солын таныған жас жігіт ел мен жер үшін жан пида деп аттанды.

1941 жыл. Соғыстың оты тұтанып, фашистер елді басып алу әрекетімен соғыс бастады. Қан майданның ішіне атам да кіріп кетті. Соғыс басталған күннен бастап, майдан даласында ай мен жылды өткізді. Кім болса да ел тағдырын ойламай, қамсыз қалмайтыны анық. Қай жылдар екені белгісіз, сол бір жылдарда: «Қара суық кезінде», – деп бастайтын атамның әңгімесі бар екен. Сол соғыстың сынығын сіздерге де айтып беруді жөн деп санадым.

Күз бен қыстың арасы ма әлде қыстың басталар шағы ма, сол бір қара суық кезінде болған деседі. Орманда немістер қоршауында үш күн қалған екен. Ас-ауқаттың барлығы таусылып, шықпа жаным ,шықпа деп көмек күткен шақ. Сырттан көмек келгенше бірнеше күндер өтеді. Ал оларды күткенше, аштықтан бұратылып, суыққа шыдамай біраз сарбаз жан тапсырғалы тұр. Сол кезде орыс командирінің көмекшісі болған атам оқ тиген зеңбірек таситын жылқыны сойып азық етуге рұқсат сұрайды. Жылқының енді жарамсыз екенін білген командир бірден рұқсатын беріпті. Рұқсат алғанына қуанған атам бірден жылқыны сойып, ары қарай тамақ жасауға бөліп береді. Зеңбірек тасып жүрген жылқы өзі жүдеу тартқан, бірақ жоқтан жақсы емес пе? Амалдап қарын тойғызуға да болады. Жылқының еті пісіп бәрі жапырлап жей бастайды, жылқы етін жеп көрмеген орыс командиріне дейін таласа жеген екен. Осылайша болған оқиғаларды есіне алып, біздерге бар мен жоқтың, аш пен тоқтың қадірін біліңдер деп отыратын. Соғыс кезінде жалғыз бұл оқиға емес бірнеше оқиғалар болған. Бірде тұтқиылдан шабуыл жасалып,  соғыс болып жатқанда қасындағы бір жолдасы аяқ-қолын көтеріп жатқан екен. Ондайды көрмеген атам еппен барып қасына себебін сұраса «оқ тисе жазылады, өлмей елге қайтамын» деп айтқан екен. «Ажалдан қашып жүрсең де, тар жол тайғақ кешсең де өлімнен құтыла алмайсың» деп атам өз орнына жылжып кетіпті. Көрдіңіз бе соғыстың соншамалық қорқыныштылығын. Атам қанша қырғын көрсе де, жаяу Мәскеуден Германияға дейін барып, жаумен бетпе-бет шайқасты. Иә, бұл соғыс қаншама үйге қара қағаз әкелді, ал біздің үйге ешқандай қағаз келмеді. Ауыл адамдары қара қағаз келмесе, бір хабары міндетті түрде келеді деп сенетін. Міне соғыс та аяқталды. Жеңіс деп айтылып, халық мәз-мейрам болып жүргенде, біраз күндер өткен соң атам да үйге оралды. Соғыста жүріп бірнеше медаль алды, атап айтар болсам: «Ленин» ордені, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» ордені, Кеңес Одағының Маршалы «Г.К.Жуков медалі», «60 лет Вооруженных сил СССР» медалі, «Победитель социалистического соревнования 1975 года» медалі, «1941-1945 жж. соғыс ардагері» медалі, Отан соғысының ордені, «Даңқ» ордені, «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен марапатталды.

Алланың құдіретімен бес жыл бойы өткен соғыста ешқандай оқ тимей, жара да болмай аман-есен елге, өзін сарыла күткен үйге оралды. Өмірдің кереметін қараңызшы, бес жыл өткен соғыста аман қалғандар аз болды. Санаулы адам ішінде атам да болды. Елге оралып, қайтадан жылқы шаруашылығын ашып, онымен айналысып, баласы Бақтиярға тапсырды. Апамыз 13 құрсақ көтеріп, оның бесеуінің жарығы болған екен. Сол бес ұлдан 22 немере, 66 шөбере, 7 шөпшек тарадық. «Жетімнің өзін Құдай жебейді» дегендей бір атамыздан бір қауым, бір жұрт, бір Қалиевтер әулеті болдық. Тағдырлар тоғысумен, бақытты бөлісумен, талаймен табысумен ұрпақ тарады. Қаншама қиын кезең көрседағы, өмірдің күйбелеңін кешседағы ешқашан мұқалған жоқ. Өмірдің ағысымен ,бейхабар жарысумен, қуаныш қайғысымен соғыстан да аман келді. Бақытты баянды ғұмыр кешкен атам ,ешқандай ауырмай 99 жасына келгенше атқа мініп өтті. Бұл дүниедегі уақыты таусылып о дүниеге жүзге толар шағында аттанды. Міне атам осындай болған . Әр жыл сайын жеңіс күні тойланғанда аға-әпкелерімнің достары келіп, суретке түсіп, әңгімесін тыңдап, арқа-жарқа болып қайтатын болған. Қырықтың бір қыдыр деп қай жаққа қонаққа қонаққа барса да , тәбәрік етіп тақия мен аяқ қиімін алып қалыпты. Сондағы алып қалудағы себебі осы ата секілді бай-бақуатты, ұзақ өмір сүріп, балалы-шағалы болайық деген ниет қой.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін атамның сөзімен аяқтағым келеді: «Өтірік айтпаңдар, біреуді алдамаңдар, қолдарыңда бар болса көмектесіңдер. Өмірге келесің кетесің, дүниеден ешнәрсе алып кетпессің»

Авторы: Айгерім Қайсар