Хабар телеарнасы

Құдайбергенов Рахым Дарханбаевич (1921-1996 жж.)

Kudaibergenov Rahym

Құдайбергенов Рахым Дарханбаевич 1921 жылы қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Зах ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келген.

Әкесі 1933 жылы қайтыс болғаннан кейін туған ағасының қолында тәрбиеленеді.

1938-1939 жылдары жеті жылдық мектепті аяқтап, Қапланбек зооветтехникумында оқып жүрген кезінде 1942 жылы наурыз айында Кеңес әскері қатарына қызметке шақырылады. Ұлы Отан Соғысына 1945 жылдың қаңтар айына дейін жан аямай жаумен соғыс алаңында болады. Үш рет ауыр жарақат алады.

1942 жылы наурыз бен қараша айларында аралығында 147-кавалериялық полктің солдаты болды (Алматы қ.).

1942 жылдың қараша және 1943 жылдың желтоқсан аралығында 8 Краснозаменды гвардиялық кавалериялық полк солдаты (II Беларусь фронты) қызметін атқарды.

1943 жылдың желтоқсан және 1944 жылдың маусым айларында Саратов қаласы РСФСР-да 2 кавалериялық №126 госпитальда емделген.

Толық емделіп болғаннан кейін өз борышын өтеуге қайта аттанып, 1944 жылғы маусым және 1945 жылғы қаңтар аралығында 105-трафеялық батальон солдаты (II Беларусь фронты) қызметін атқарады.

Соғыс жылдары өте қиын әрі зардабы көп жылдар болады. Әкеміздің бізге атам туралы айтқан әңгімелерінен баяндай кетейін. Небәрі 20 жасында өз еркімен соғысқа аттанып, талай дүрбелеңді бастап кешіреді. Сондай уақыттардың бірінде бомбаның жарылысынан атам қолынан жарақат алады. Бомбаның жарылған бөлшектері қолының терісін зақымдайды, бір саусағынан оқ тесіп өтеді. Соғыс уақытында сондай сәттерде ешқандай медициналық көмек алу мүмкін еместігі белгілі. Қолындағы жарақатын өзінің қасында бар марганец ерітіндісімен жуып, ұзақ уақыт матамен байлап жүрген екен. Оны жууға, тазалауға жағдай болмағандықтан, кейін халі нашарлап, госпитальға жіберілгеннен кейін ғана сол матаны шешкен екен. Сол қалпы соғыс зардаптары ретінде бомбаның атылған бөлшектері атамның қолында бесінші саусағы жазылмай, терісінде іздердің қалуына себепкер болған.

Соғыстың ең қиын сәті – ол қасындағы жолдастарыңның көз алдыңда опат болуы. Атамның осындай бір окоп қазып жатқанда бомба жарылысынан бір жолдасының қасында қайтыс болғанын көргені ол үшін ең ауыр сәттердің бірі болған екен. Ерекше атап өтетін тағы бір жайт: атам кез келген нағыз қазақ ретінде тазы иттер мен атты өте жақсы көрген және бағалаған. Соғыста өзінің ауылда қалған атын өте қатты сағынған. Тіпті ең қиын сәттерде түсіне сол аты кіріп, кей кездерде қорғаушы ретінде де аян бергендей сәттер де болған. Аттарды жақсы көргендігі сонша, атты әскер кавалериясында жауға қарсы соғысқан.

Бауырларын да соңғы рет әр қалаға аттанып бара жатқанда пойызда соңғы рет көрген екен. Соғыстан жалғыз атам ғана қайтып оралды. Қалған бауырлары, туысқан інілері, өкінішке қарай, хабар-ошарсыз кеткен.

Атамыздың елін, жерін қорғап, жеңіспен елге аман-есен оралуының арқасында біз, ұрпақтары, жалғасуымызға себепкер болған.

Кеңес Армиясынан қайта оралғаннан кейін Қапланбек зооветттехникумына қайта түсіп, 1947 жылы маусымында оқуды аяқтап, веттехник мамандығын алып шығады. Техникумды аяқтаған соң Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданындағы Тимирязев атындағы совхозға жіберіледі.

1947 жылдың тамыз айынан 1954 жылдың шілде айына дейін ветеринар техник (Тимирязев совхозы, КазССР) қызметінде жүрді.

1952 жылы совхоз жергілікті кеңес депутаты болады.

1954 жыл шілдеден 1964 жыл аралығында №4 Тимирязев атындағы совхоздың №2 ферма басқарушысы (Сырдария облысы, Жиззах ауданы УзбССр) болып қызмет атқарады.

1964-1965 жылдар аралығында Сырдария облысы, Фарш ауданында еңбек инженері және совхоз кадрлар бөлімі басшысы болады.

1965 жылдан 1971 жылғы ақпан аралығында Тимирязев совхозы УзбССР жұмыс комитеті төрағасы, ал 1971 жылдың ақпанынан совхоз басқарушысы қызметтерін атқарады.

1972 жылы Октябрь ауданының орталық ауруханасында шаруашылық бөлімі бастығы болып жұмыс жасайды.

1974 жылдан бастап жоғарыда айтылған аудан кеңшарында жұмысшылар комитеті басшысы болып қызмет атқарады.

Ауылшаруашылық саласының үздігі болып, әрбір басшылық жасаған мекемелердің ең жоғары нәтижелер көрсетуіне бар күшін салған. Егістік, фермаларда жасаған еңбектері жоғары бағаланып, көптеген алғыс хат, медальмен марапатталған.

Зейнет жасына жеткеннен кейін шаруашылық саласынан кетіп, әрі қарай балаларға білім беру саласында да еңбек етеді.

Мектепте ветеринарлық бағытта балаларға сабақ берген.

Партия құрамында КПСС мүшесі болады.

Ол – III категориялы запастағы солдат және соғыстан кейін бас сержант.

Соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес Үкіметі маршал әскерлері солтүстік тобының қолбасшысы К.Рокосовскиийдан алғыс хатпен марапатталған.

1945 жылы «Германияны жеңгені үшін», « Ұлы Жеңіске 10 жыл», «Ұлы Жеңіске 20 жыл»,«Ұлы Жеңіске 30 жыл», «Ұлы Жеңіске 40 жыл», «Ұлы Жеңіске 50 жыл», В.И.Ленин атындағы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

1972 жылдары «Сарыағаш» емдеу шипажайында батыр, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, сұхбаттасқан. Дастархандас болған.

Соңғы 1970 жылы жазылған өмірбаянда Құдайбергенов Рахым отбасында 9 бала болып еді, бір жыл өткеннен кейін оныншы баласы дүниеге келеді. Сол оныншы болып дүниеге келген кенже ұлы – менің әкем Рахимов Қайрат. Әкесінің жолын қуып, менің әкем де көпбалалы әке болып, біздің отбасымызда 7 баланың дүниеге келуіне себепкер болған.

10 баласының барлығын жоғары білімді етіп тәрбиелеген. Толық білім алуына бар мүмкіндікті жасаған. Балаларының ішінде дәрігер, математика, физика мұғалімдері, энергетик, бухгалтер, құрылысшы-инженер, экономист, орман шаруашылығы кәсібінде де мамандары бар. 75 жасында 10 шілдеде дүниеден озды. Көзі тірі болғанда осы жылы 99-ға келер еді.

Атамыздың ерік жігері мықты, батыл, қайтпас, қайсар болғанын әкеміз әрдайым біздің құлағымызға құйып отырады. Әкеміздің айтқан әңгімелерінен атамыздың соғыста болған қаншама қиыншылықты бастан кешіргенін ести отырып біз қатты таң қалатынбыз.

Олардың біздің осындай аспаны ашық, бейбіт, тыныш заманда өмір сүруімізге үлкен септігін тигізгенін ешқашан да ұмытпаймыз. Атамыздың жасаған ерліктерін, сіңірген еңбектерін әрқашан жадымызда сақтап, біз, артында қалған немерелері, мақтан тұтамыз!

Авторлары: немерелері Рахимова Фариза, Рахимова Ұлмерей