Хабар телеарнасы

Жексембеков Тошан (1921-1990 жж.)

Жексембеков Тошан (1921-1990 жж.)

Біздің әкеміз Жексембеков Тошан, Ұлы Отан соғысыжәне Еңбекардагері, 1921 жылы Лепсі ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келген. Ортажүздің Найман руының Садырдан тараған Тобышак Князов Жексембектің үш ұлының ішідегі үлкені әкем болған. Анасынан ерте айырылып, екі бауырына қамқор болды. Бауырларының білім алуына жағдай жасап, үйлі болуына көмек берген. Әкеміз жастайынан Бақалы ауылында есепші болып жұмыс атқарады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, майданға 1942 жылы желтоқсан айында аттанады.

Майданда Даңқты Панфиловшылар дивизиясына 1075-атқыштар полкі 316-шы атқыштар дивизиясында соғысқан. Соғыста жүріп қолынан жараланып госпитальға түседі. Сол алған жарақатынан ІІІ-топтағы мүгедек деп комиссовать етіп ауылға оралады. Майдандағы ерлігі үшін «За боевые заслуги», «За отвагу» орденін алады. Келісімен колхоз шаруашылығына белсене кірісіп кетеді. Анамыз Қалкеқызы Зайтунамен отбасын құрады. Отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп өсіріп, оларға білім алғызып және әртүрлі салада еңбек етулеріне жағдай жасаған. Еңбек етіп жүріп 1955 жылы білімін жетілдіріп Талдықорған қаласындағы бухгалтерлер дайындайтын оқуға түсіп ойдағыдай аяқтайды.

Өзінің еңбек жолын абыройлы, елеулі өткізген әкеміз, 2 мәрте «За Доблестный труд», 2 мәрте «Ветеран труда» сонымен қатар, Ұлы Отан соғысынң І-дәрежелі орденімен марапатталған. Одан кейін, жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнінде марапатталып отырған еді. Әкеміз өмірінің соңына дейін жұмыстан қол үзген емес. Көптеген жылдар Бақалы колхозында материалдық бухгалтер болып жұмыс атқарады. Өмірінің соңына дейін коллективте беделді болып, жас мамандарға білгеннін үйретіп көмектесіп отырған. Бірге жылдар бойы еңбек еткен қызметкерлерді айтсақ, Медеубаев Сансызбай, Намысбекова Жамал, Ерасилова Айтжамал т.б. Әкеміз зейнеткерлікке шықпай жұмыс жасап жүрген, себебі ол кезде заң бойынша зейнетке шықса жұмыс істеуге болмайтын, сондыктан уйде отырып калғанды қаламағандықтан жұмысын жасап жүре беріп, 1990 жылы 69 жасында дүниеден қайтты.

Енді бала кездегі елестерден есте қолғаны әкеміздің үнемі жұмыс бастылығы мен анамыздың үй тіршілігіндегі белсенді іс-әрекеттері. Анамыз Зайтуна тыл ардагері, сұрапыл соғыс кезінде тылда, анасы Әдемі апа екеуі жұмыс атқарады. Анамыз көп балалы, «Алтын ана» медалі және «Тыл ардагері» медалімен марапатталған. Әкенің, ананың отбасында болуы балалары үшін берер қуаты, бар бақыттың басталуы.

Ата-анамыздан тараған жетеуіміз бүгінде жеті отбасының жетекшісіміз. Алдымыз шөбере сүйіп бір-бір әулеттің тілеуін тілеп отырған ата-әжеміз. Үйдің үлкені Жеңіс ағамыз Алматыда немере-шөбере көріп бақытты жанұя болып отыр, Меліс ағамыз әкемізден кейін 1 жылдан кейін дүниеден қайтты. Меліс ағамыздың отбасы Сарқанд қаласында өніп өсіп жатыр. Шолпан әпкемізбен Зура әпкеміз Астананың төрінде немерелі болып жанұяларымен өсіп өркендеуде. Мақсұт бауырымыз Алматыда балалары мен немерелерінің қасына келіп, жұмыстарын атқаруда, Сауле сіңліміз Қапшағайда тұрып жатып 2016 жылы қайтыс болды, артта қалған балалары жұмыс атқарып өркендеуде, ал кенжеміз Гүлнұр сіңліміз Сарқанд қаласында немерелі болып, қызметте жүр. Әкеміз көзі тірісінде жаны жайсаң жақсылардың санатында болды, балаларына қамқор әке, анамызға адал жар бола білді. Қолынан келген жақсылығын жұртына, туған-туыстарына жасауды парызы санаса, ал артта қалған балаларының парызы әкеміздің игі істерін жалғастыра отырып, мәңгі есте сақтау болмақ.

Авторы: Зура Тошановна