Хабар телеарнасы

Нұрманов Қоңыр

Нұрманов Қоңыр

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Досбол ауылының тұрғыны болған облыстық дәрежедегі зейнеткер Қоңыр Нұрманов 1922 жылы туып, өз дәрежесіне қарай білім алып, енді жұмысқа араласқан кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1941 жылы күз айында шақырылып, Ресейдің Саратов қаласындағы әскери командирлер дайындайтын жеделдетілген танкистер училищесін бітіріп, 1942 жылы 29-шы танк полкінің құрамына қабылданып, бөлімше командирі қызметін атқарып, 1941-1945 жылдар аралығында отанымызды азат ету жолында от пен оқтың арасында бірнеше қиын кескі соғысқа қатысқан.

Сол еңбектері ескеріліп, 1944 жылы тамыз айында ССР жоғары кеңесінің жарлығымен «Қызыл Ту» орденімен, 1945 жылы қыркүйек айында «Қызыл жұлдыз», 1985 жылы «Отан» соғысы орденімен және 1946 жылы «Германияны жеңгені үшін», жеңістің 25, 30, 50 жылдығы медалімен, арнайы Кеңес Одағының Маршалы «Г.К.Жуковтың» медалімен марапатталған. Соғыс аяқталып, елге жеңіспен оралған соң, өз мамандығы бойынша Ақтоған ауылында ұстаз болудан бастаған. №155 Ақтоған орта мектебінде 40 жылдай еңбек етіп, бірнеше елге танымал азаматтар оқытып тәрбиелеген. Қазақстанның Еңбек ері Ж.Таспамбетова, партия совет қызметкері А.Дүйсеков, Қазақстан Распубликасының жазушылар одағының мүшелері жазушы Оразбек Сәрсенбай, ақын Д.Байдрахманұлы, техника ғылымының кандидаты профессор Ә.Дәнібеков, ауданның құрметті азаматтары Ж.Зермұхамедов, С.Аманжолов тағы да көптеген азамат.

1980 жылы құрметті демалысқа шыққан. Осы еңбектері ескеріліп, Қазақ ССР оқу Министірі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар мектепте партия, кәсіподақ ұйымдарының хатшысы болып, қоғамдық жұмыстар атқарған, бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып, елдің әлеуметтік жұмыстарына араласқан.

Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай Ақтоған ауылдық округінің жаңа көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері және бейбіт өмірдегі орасан зор еңбегі үшін Қоңыр Нұрмановтың есімі берілді. Ешкім де, ештеңеде де ұмытылмақ емес. Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді. Біз өз аталарымызды мақтан тұтамыз, өйткені олар біз үшін, Отан үшін қасық қандары қалғанша күресіп, бізге жеңіс сыйлады.

Отбасында атамыз бен әжеміз бес ұл, үш қыз тәрбиелеген. Одан 21 немере, 11 шөпшек тараған.

Авторы: ұлы Нұрман Бағдат Қоңырұлы