Хабар телеарнасы

Айтбаев Мәлкен

Польшадағы шайқас. №155, 1 биіктік үшін

1944 жылы Польшаның Яновице ауылының маңында жау бекінген биіктікті алу үшін шайқасқа кірісіп кеттік. Мен взвод командирімін. Бойымызда қорқыныш үрей жоқ. Қайта жеңіске деген сенім сағат сайын артып барады. Айналамыз теп-тегіс. Қозғалуға мүмкіндік болмағандықтан, ауылға түнде жақындауға бел будық. Ұрыс басталғанда жау шегініп төбеге орнықты. Топографиялық картаға сәйкес бекіністерін анықтап алып, батареяны басқарушы лейтенант Заморинге бұйрық бердім. Түс ауа биіктікке шабуылды «Катюша» бастады. Жарты сағат зеңбіректерді атқылап, кейін ротамен бірге төбені айналып, ДЗОТ-ты тұншықтыру үшін жасаған шабуылымыз сәтті іске асты. Әскер саны азайды. Оншақты адам ауыр жарақат алды. Отанына деген сүйіспеншілік пен патриотизм үлгісін танытқан ефрейтор Филотов мені екі рет жау оғы мен снарядтан қорғап қалды. Филотов үстіме жата қалып кеудесін оққа төседі. «Жауды талқандау үшін командирдің аман қалуы керек», – деген сөзі есімде. Өзім де, взводымның көп жасағы да жараланды. Бұған қарамастан алға қойған мақсатқа жетіп, Яновице ауылында үлкен бекініс орнаттық.

Бұл – ардагер Айтбаев Мәлкеннің соғыс күнделігінен алынған үзінді. Қан майданда атамыздың ерлігі көзге түскені үшін төске талай медаль тағылды. Сұрапыл соғыстан кейін еліне сыйлы, ортасына қадірлі болған атамыз еңбек жолын ұстаздыққа арнап, ұрпақ тәрбиесіне де өз үлесін қосты.    

Авторы: немерелері және шөберелері Мәлкен Алдияр мен Мансур