Хабар телеарнасы

Зеев Ниетулла (1924-2004 жж.)

Зеев Ниетулла (1924-2004 жж.)

Мен бақытты, бейбіт заманда дүниеге келдім. Біз соғыстың қан майданында ерлік көрсеткен батырларды кино, фильмдерден ғана көретінбіз, кітаптардан оқитынбыз. Менің атамның ерлігі сол шығарма кейіпкерлеріндегідей.

Атам Зеев Ниетулла 1924 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Бес сыныптық білімі болған. Әке-шешесінен ерте айырылған. 1943 жылы 10 наурызда Қызылорда облысы Қазалы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Ұлы Отан соғысына 1944 жылдың мамыр айынан бастап қатысқан.

Атам Смоленск  мотоатқыштар отрядында кіші сержант атағымен пулеметші болған..Мотоатқыштар отрядының аға лейтенанты атамның Староселье ауданындағы ұрыста қарсыластың қарсы шабуылына төтеп бере отырып, пулеметімен немістің 15 солдаты мен офицерінің көзін жойғандығын,  шайқаста оның пулеметі өшпегендігін, жаралы болса да ол ұрыс даласынан кетпей қарсы шабуылды тоқтатпағандығын айта отырып, жеке жауынгерлік ерліктің қысқаша мазмұн парағын осылай толтырған және Ерлігі үшін мемлекеттік наградаға лайық деп атамды «За отвагу»наградасына ұсынған. Шайқастан кейін атамды ұрыс даласынан эвакуациялайды. Осылай атам 1944 жылы 28 маусымда оң аяғынан қатты жарақат алады.

Атам біздің отбасымызда батырлық пен қаһармандықтың үлгісі. Мен білемін, ол өзінің бар жігерлік күшін қарсыласына жұмсаған. Жауларына шығатын кез келгенде тағдырға бағынып қашпай, тығылмай шыққан. Атам мен үшін әрқашан жеңімпаз болып есептеледі. Ол қолына пулемет ұстап, қан майдан ортасында жауларды атып, қайтадан окопке отырғанын көзге елестетудің өзі қиын әрі қорқынышты. Атам өзінің бір артқа берілген қадамы жауларға бір қадам алға болатындығын білген.. Соғысты, әрбір соғысқан ардагерді ұмыту мүмкін емес.

Әлі есімде, 9 мамыр күні омырауын орденге толтырып, медальдарын тағып шыққанда атамды мүлем танымай да қалатынмын. Атам бұл киімдерімен арнайы жиындарға, түрлі кездесулерге баратын.

Атамның жауынгерлік марапаттарын, төсбелгілерін анам үйде сақтап қойған. Атамның «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан Соғысына 50 жыл», «70 лет Вооруженных сил СССР», «Г.Жуковтың «Ерлігі үшін» атты біршама марапаттары бар.

Соғыс аяқталған соң атам ауылшаруашылық саласы бойынша біраз жылдар бойы қызмет етті.  Кейін шаңырақ көтеріп, перзент, немере сүйіп бақытқа бөленген. Атам әрқашан балаларына адал өмір сүруді, ерінбей еңбек етуді, жақсы білім алуды үнемі айтып отыратын. Әр айтқан сөзі адалдық, отбасын сүю, елін сүю, қорғау, құрметтеу болатын. Атам 2004 жылы 25 ақпанда дүниеден озды.

Жеңіс күні тек қана мейрам емес, ол біздің мақтанышымыз. Бұл күні біз өткенді еске түсіріп, ойланып, одан сабақ алатын кез. Мен атамның майданда болғандығын, өзінің жауынгерлік қайсарлығымен, тіпті тозаққа түссең де бастысы адам кейпіңді жоғалтпау керектігін дәлелдеген атамды мақтан тұтамын!

Авторы: немересі Изеева Сания Оңдасынқызы