Хабар телеарнасы

Бекбосынов Әділбек

Атам Әділбек Бекбосынов Алматы облысы, Балқаш ауданының ескі Бақбақты ауылында туып-өскен. Тумасынан еңбекқор, елгезек, жамандыққа жаны қас адам еді. 1939жылы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскерде жүрген кезінде соғыс өрті тұтанып, майданға жол тартты. 1941 жылдың шілде-тамыз айларында генерал-майор И.В.Панфилов жасақтаған дивизия құрамында соғысқа қатысады. Әділбек атамыз Мәскеуді қоршауға жан аямай үлес қосады. Атқыштар бөлімінің командирі ретінде талай қиын тапсырманы орындайды. Негізінен қазақ және қырғыз азаматтарынан жасақталған дивизия ерліктің жоғары үлесін көрсетеді. Дивизияға «Ленин» және «Қызыл ту» ордендері табыс етіледі

Әділбек Бекбосынов жеңіс таңын Балтық жағалауында қарсы алаған. Майдандағы ерліктері үшін түрлі медальмен, «II дәрежелі Отан соғысы орденімен» марапатталады. Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласын азат етуге қатысып, соғыс аяқталған соң бір жыл бойы сонда қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Осылайша ардақты атам соғысты бастан-аяқ өткереді.

Атам соғыс туралы көп әңгімелей бермейтін. Сұрай қалсақ: «Сендер ондай зұлматты көрмеңдер», – деп қатты күрсініп, үнсіз отырып қалатын. Сол сәттерде атамның көз алдынан соғыстың аса ауыр көріністері өтіп жатқанын біз мүмкін түсінбеген де болармыз.Кейде ғана майдандас серіктерінің атын атап, аман қалғандарын ойша түгендеп отыратын. Атам неше рет жарақаттанса да аман қалып, бейбіт күнге жеткенін қазір үлкен бақыт деп білеміз. Өйткені ол жазатайым мерт болса, қазіргі ұрпақтары болмас та еді-ау...

Соғыстан оралған соң атам Дәмегой апаммен шаңырақ көтеріп, ел игілігі үшін еңбек етті. Жеті бала тәрбиелеп, олардың өсіп-өнгенін көрді. Атам Балқаш ауданына мәлім есепші болды. Соғыстан кейін тұралаған талай шаруашылықты қалпына келтіруге үлес қосты. Жұмысшылар кооперативінде еңбек етті, бригадир де болды. 1980 жылдарға дейін талмай іс басында жүріп, еңбек демалысына шықты. Балалары әрқайсысы өз алдына үй болды, өсіп-өнді. Осы күні немерелері де іске араласып, тәуелсіз еліміздің әр саласындағы кетігін тапқан кірпіш болып жүр.

Біз ес білген шақта атам еңбек демалысында еді. Сонда да тыным көрмей, білгенін жастарға үйретіп, жүретін. Темір көлікті өзі тізгіндеп, қоғам өміріне өте белсенді араласатын еді. Әр жылы Жеңіс күні жақындағанда орден-медальдары жарқыраған костюмін арнайы дайындатып, көшедегі шеруді қуана тамашалайтын. Атамның өмірге құштарлығы, үлкенге құрметі және кішіге ізеті ерекше болатын.

Өкінішке қарай Жеңістің 60жылдығына екі ай қалғанда атам өмірден өтті. Біз Жеңіс күнін өз мерекеміздей қарсы аламыз, атамның зор үлесі бар екенін сезінеміз. Ел басына күн туған кезде ел-жерін артта қалдырып, жанын шүберекке түйіп, сынық сүйем жер үшін барын берген аталарымызға алғысымыз шексіз.

Жақында Ресейдің «Подвиг народа» сайытында Әділбек Бекбосыновтың Мәскеуді қорғау кезінде көрсеткен ерлігі үшін «IIдәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталғанын ресми құжаттар арқылы көріп, мерейіміз өсіп қалды. Демек, атамыздың ерлігі мәңгі хатталып қалды деген сөз. Бұдан кейін жүз жыл өтсе де атамыздың соғыстағы ерлігін айғақтайтын тамаша деректі ұрпақтары көре алады.

Жадымыздасың, жан ата! Біз өміріміз үшін, бүгінгі бейбіт күніміз үшін сізге қарыздармыз.

Авторы: Мадияр Бекбосынов