Хабар телеарнасы

Бесжанов Түсебай (1910-1985 жж.)

Бесжанов Түсебай (1910-1985 жж.)

Ұлы Отан соғысының кесірі көп отбасының бақытын ұрлады ғой. Ұлы Отанды қорғау тарихында біздің марқұм әкеміздің де аты бар.

Біз баламыз ғой, балалармен ренжісіп қалғанда «сенің әкең ақсақ» деп мені мазақтаушы еді. Мен болсам ызаланып келіп, «Папа, сенің аяғың неге ақсақ? Бәрі мені мазақтай береді» дегенде айтқан бір естелігі еді.

Біздің әкеміз Бесжанов Тусебай 1910 жылы тамыз айында Целиноград облысы, Қызылсай округіндегі Молотов колхозында дүниеге келген екен. Ауылда есепші болып жұмыс істеп, кәрі шешесі мен әлі бұғанасы қатпаған бауырын асырап жүргенде соғыс басталды деген хабар жетеді. Әкем да соғысқа бармақшы болып сұранып Әскери комиссариатқа хат жазады. Бірақ үйдегі жалғыз асыраушысы деп кейінге қалдырған екен. Сөйтіп колхозда жүріп: «Анамның жүннен тоқып берген шұлық, қолғабын соғысқа көмек ретінде жібердік»,- деп еске алып отыратыны есімде. Әкемнің соңынан ерген бауырлары Дүйсенбай мен Жоламан дәл осы кезде әскерде болған екен де, оларды сол жағынан соғысқа алған екен. Олар сол сұм соғыстан хабар-ошарсыз кеткен екен.

1941 жылдың күзінде әкем Түсебай болмай жүріп сұранып, соғысқа аттанған екен. Ол кісіні Беларусь майданының жаяу әскерлер қатарына пулеметші қылып жібереді. Бала күнімізде бір әңгімесінде айтқаны есімде «Ет табағындай табағы бар, екі аяғын жерге тіреп қоясың, артық «лентасын» белге байлап аламыз», - деп айтып отыратын. Лентасы не деп ойласақ, ол оқ салынған қалташалар, пулеметке салуға дайындалған лента екен. Әкем Смоленскі бағытындағы соғыстың қақ ортасында болған екен.

«1941-1943 жыл аралығында Смоленскіні неміс-фашистері алып қойып, біздің әскерлер қайта тартып алып, қиян-кескі соғыс болады. Смоленскіні немістер тартып алса да, біздің әскер қайтадан күш жинап шабуыл жасауға шықтық. Өліспей беріспейміз деп, бір- бірімізді жігерлендіріп қаланы азат еттік, бұл 1943 жыл еді. Смоленскіден немістерді қуып бара жатқанда снаряд жарылады, міне сол кезде снарядтың жарықшағы әкемнің оң жамбасына тиіп, сол жерде талып қалған екен. Қанша жатқаным есімде жоқ, біреулердің күбірлеген дауысы еміс- еміс құлаққа келеді. Көзімді ашсам бір орыстың қызы екен. Маған «тірі екенсіз ғой» деп қуана күлімдеп, орысшалап бірдеңе деген болды. Сөйтсем аузымның тұсынан кішкене шұңқыр қазыпты, соған кателогімді салып, соның ішіне су ма, сорпа ма құйған екен, соны іш деп тұр. Басымның көтерілмесін көрген ғой шамасы. Содан жан керек, басым зыңғып, ап-ауыр, ерін кеберсіп шөлдеп жатқан едім, амалсыз жерге құйылған сорпаны жалаған болдым. Содан, сол жерге сорпа құйып кетеді, ішінде бір-екі түйір картобы бар. Сол жерде бір-екі күн жаттым- ау дим, талықсып кеттім бе білмеймін біреудің дауысынан есімді жиған болдым. Қасыма ақ халат киген біреу келіп, өте қатты жараланған екенсіз, осында жатып көлікті күтпесек, болмайды. Носылкамен апару қауіпті әрі алыс деп сөйлесіп жатқандарын естідім. Сосын көлік келіп госпитальге апарып, операция жасайды, жарақаттың ауырлығынан операция да ұзақ болады. Содан бір күні маған, «еліңе қайтасың, сен үшін соғыс бітті» деп хабар айтты. Сөйтсем снарядтың жарықшақтары аяқтың нерв жүйелеріне зақым келтірген екен де аяқ тартылып қалған, бүгуге келмейді екен. Міне, сөйтіп елге келдім. Бұл 1944 жылдың басы еді», – деп айтқан соғыстағы бір оқиғасы есімде.

Жалпы соғыс туралы көп айта бермейтін еді. «Аты жаман келмеске кетсін» деп отыратын. Кейінгі жылдары сол орыс қызын тауып алып, алғыс айтсам ғой, бірақ атын да білмеймін деуші еді.

Әкеме 1945 жылы 9 мамырда «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг» деген медаль беріледі. Әр он жылдықта медаль беріліп тұрды. 1970 жылы 7 мамырда Орден «Славы Ш степени», 1985 жылы 6 сәуірде Орден «Отечественной войны І степени» берілді.

Әкем 1985 жылы июльдің 3 күні дүниеден озды. Ауырып төсекке танылғанша Отан үшін еңбегін аямады. Аяғының кемтарлығына қарамай адал еңбек етіп, біздің бәрімізді оқытты. Біздің отбасымызда көбіміз мұғалімбіз. Педагог мамандығын таңдауымызға да әкеміздің ролі зор болды. Қазіргі күні балалары Қазақстанның әр қаласында еңбек етуде. Балаларының алды ардагер ұстаз болып зейнетке шықса, кейінгіміз әлі қызметтеміз. Бір баласы полковник болып қызмет жасайды. Оның осы қалпын көрсе әке жүрегі қуанышқа бөленер еді. Өзі дүниеден озғанша ауылдың тыныштығын қорғайтын, татулық, бірлікті сақтайтын ауылдың ардагер ақсақалы болды. Ауыл адамдары ол кісінің бір ауыз сөзіне тоқтаушы еді. Бала болсам да есімде ауылда бір қисынсыз жағдай болса әкемнен ақыл сұрап келіп отыратындары бар еді. Өзі төрт-ақ класс бітірсе де, «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» батыр жырларын, «Алпамыс» батыр жырларын жатқа әрі мақабын келтіріп әндетіп отыратын. Өте сауатты адам болды.

Міне, менің әкем қандай болды! Мен осындай асыл адамның қызы болғаныма мақтанамын. Ардақты әкемді әрқашан мақтан тұтамын!

Авторы: қызы Рашида Тусебаевна Карпыкбаева