Хабар телеарнасы

Бейсебаев Темірбек (1904-1984 жж.)

Beysebayev Temirbek

Менің атам Бейсебаев Темірбек 1904 жылы 15 тамызда қазіргі Бәйдібек ауданында, Жарықбас ауылында дүниеге келген. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері. Атам Ұлы Отан соғысы жылдарында отбасы құрған, екі перзентті болған.

Атамды 1942 жылы шілде айында соғысқа шақырады, ол 84-атқыштар дивизиясына қабылданады.

Мен атамның үнемі айтып жүретін майдандағы бір оқиғасын әңгімелекшімін. Қызу соғыс жүріп жатқан кезде ішіне оқ тиіп, қатты жарақат алады. Сол кезде атама көмектеспек болған медбикенің аяғын жақын жерге түскен снаряд жарақаттайды. Енді медбикенің өзі де жүре алмай қалады. Жарақаттанып қалған атам енді оған көмекке барады. Қанға бөккен жас қызды арқасына арқалап, жолға шығады. Қанша жүргені белгісіз, жарты жолда басқа да ауыр жарақат алған адамдарды тиеп бара жатқан арбаны көреді. Арбадағылар атама көмектесуден бас тартады. Ашуға булыққан атам қаруын оларға кезейді. Сол жерде есінен талып қалған атам, қалалық госпитальда көзін бірақ ашады. Сол кезде атамды жоғалтқан дивизия ауылға қара қағаз жібереді. Қара қағазбен бірге жарақаттанған атам да ауылға оралады. Ауылға келген соң тағы да үш балалы болды.

Соның бірі менің әкем – 1944 жылы дүниеге келген Азатбек. Соғыстан кейінгі жылдары ауылда тыңбай еңбек етеді. Уақыт өте келе майдандағы жарақаттары жазылады , бірақ соғыстың жүрегіне салған жарақаты, майданда көрген қиындықтары өмірінің соңына дейін есінен шықпады. Ол 1984 жылы дүниеден озды.

Темірбек атамыздың қызы Несібелі 1937 жылы, ұлы Артықбай 1941 жылы, қызы Палзада 1947 жылы және ұлы Ынтықбай 1950 жылы дүниеге келді. Соғыс жарақатына қарамай, осы ұл-қыздарына тиімді тәрбие беріп, білім алуына жағдай жасаған. Ұлдарынан тараған 22 немересі, 45 шөбересі, 7 шөпшегі бар. Мен ол кісінің немересімін. Осындай ардагер атамыз туралы ешкім жазбапты. Мен бірінші болып жазып отырмын. Өйткені қазіргі бейбіт өмірімізге оның үлесі бар деп ойлаймын.

Елімізде соғыс үйін сырт айналып өткен отбасылар кемде-кем шығар. Қазақстанда әр отбасында біріне әке, біріне ата болған, халқы үшін ерлік еткен азаматтар көптеп кездеседі. Иә, біз барлығының аты-жөнін, түрін біле бермейміз. Бірақ Ұлы Отан соғысына қатысқан, бүгінгі ұрпаққа жайма-шуақ өмірді сыйлаған атама, батырларымызға алғысымыз шексіз!

Авторы: немересі Темірбекова Ғалия Азатбекқызы