Хабар телеарнасы

Әбдімомынұлы Сейпіл (1920-1973 жж.)

Abdimomynuly Seipil

Әкем Әбдімомынұлы Сейпіл 1920 жылы 3 мамырда Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылында дүниеге келген.

1942 жылы 22 жасында Ұлы Отан соғысына шақырылып, жаяу әскер қатарында Ленинград үшін шайқасына қатысқан. Ауыр жараланып, аяғына оқ тиіп, бір аяғынан айырылып, 1945 жылы еліне оралған.

Әкем айтқан естеліктен: Сұрапыл соғыста Лена өзенінің бойында жараландым. Айқайлауға шамам жоқ, дауысым да шықпайды. Есімді бір білсем, бір білмеймін. Су ішкім келеді. Ақырын қозғалып Ленадан су ішпекші болдым, бірақ су тұнық емес еді қызғылт түсті, амал жоқ іштім. Жаяу әскер шабуылда. Қызу майдан. Біреу болмаса, біреу көрер деген оймен ақырын қолымды көтердім. Бір орыс солдаты мені көріп жаныма келіп: «Живой», – деп еді, басымды изей беріппін. Сөйлеуге шамам жоқ, қан көп жоғалттым, ол мені көтеріп, медштатқа алып келді.

Аяғым күннен-күнге қарайып, кесуге тура келді. Егер орыс солдаты көрмесе, мүмкін соғыстан оралмас та едім», – деуші еді. Бала кезімде әкемнің жанына жатып, оқтан қалған жараларын көрсетіп: «Мынаған не болды? Ал мынаған не болды?», – деп сұрақ астына алатынмын. Сондағы әке жауабы: «Қарға шоқыды, сауысқан тістеді, торғай шымшыды». Сондағы ойы: бала көңіліне соғыс зардабын түсірмеу. Ал бала көңіл соған сенетін.

Әкем небәрі 53 жасында өмірден өтті. Ленинградты қорғаған медалі қайтыс болғаннан кейін жетілігін беретін күні келіпті. Марқұм сол жақсылықты көрмей де кетті…

Мен әкемді мақтан тұтамын. Енді жер бетінде тек бейбітшілік болсын!

Авторы: қызы Айгүлім Сейпілқызы