Хабар телеарнасы

Досжанов Мәткәрім (1924 жылы туған)

Matkarim Doszhanov

Әкеміз Мәткәрім Досжанов 1924 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық округінде орта шаруаның отбасында дүниеге келген.
1942 жылдың маусымында 18 жасында әскерге аттанды. Ашхабад қаласындағы кіші командирлер дайындайтын 7-оқу полкінде оқып, старшина шенімен бітіріп шығып, осында армияға жаңадан алынған жастарды оқытып үйретеді.

Бұдан соң 1943 жылы Уфа қаласында офицерлік оқуды бітірмей жатып, 6-Ггвардиялық атқыштар полкінің құрамымен Батыс майданына аттанып, Орел және Курск доғасы шайқастарына қатысады. Осы шайқастағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады.
1944 жылы 19-гвардиялық Сиваш атындағы танк корпусының 202-танк бригадасында зеңбірек командирі болып Қырымды азат ету соғысына қатысады. Осы жылы Бірінші Балтық флотында болып, Латвия жерін жаудан азат ету майданына қатысып, Шауляй (Шавли) қаласының солтүстік-батыс беткейіндегі жаудың мықты нығайтылған қорғанысын бұзып өтудегі үздік әскери іс-қимылы үшін Бас қолбасшы Кеңес Одағының маршалы Сталин жолдастың 8 қазан 1944 жылғы бұйрығымен алғыс жарияланады және «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталады.
1945 жылы ІІІ Украина майданында болып, Ордер бойындағы шайқасқа қатысады. Мамыр айының екісінде ол кісі қызмет атқарған танк полкі Берлин қаласына басып кіреді.
Осы шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталады.


Мәткәрім Досжанов бүкіл соғыс бойында үш рет жеңіл, бір рет ауыр жарақаттанып, 1945 жылдың жазында жеңіспен елге оралады.

Авторы: ұлы Бақыт Досжанов