Хабар телеарнасы

Зұлханов Мұхамбетжан (1920-1995 жж.)

Зұлханов Мұхамбетжан (1920-1995 жж.)

Менің атам Зұлханов Мұхамбетжан 1920 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Ойыл ауыл советінде дүниеге келген. Білімі арнаулы орта. Оралдың медициналық техникумын, Гурьевтің педагогикалық училищесін бітірген. Соғысқа дейін 1937-1942 жылдары Қамыскөл және Орлыкөл мектептерінің бастауыш кластарына оқытушы болып ұстаздық еңбегін бастаған.

1942 жылдың қаңтар айында армия қатарына шақырылып, 1945 жылдың қыркүйек айына дейін соғыста 722сп, 206 ст дивизиясының фельдшері болып полевой госпитальда болған. Соғыс кезінде төрт рет өлімнен қалып, екі рет жараланып соғыстың барлық қиыншылығы мен азабын көп көрген адамдардың бірі. Елге аман оралғаннан кейін оқытушылық қызметіне қайта кірісіп, 1945 жылдың қазан айынан 1946 жылдың қыркүйек айына дейін Теңдік бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1947-1949 жылдары Сулыкөл бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1949-1950 жылдары Жасқайрат бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1951-1952 жылдары Қызылқоға аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жасаған. Зұлханов Мұхамбетжан өзінің барлық өмірін еңбекке арнаған жан.

1955 жылдары Облыстық денсаулық сақтау бөлімі Мұқыр учаскелік ауруханасына бас дәрігердің міндетін атқарушы етіп тағайындап, жұмысқа жібереді. Зұлханов Мұхамбетжан өзінің еңбегінің арқасында облыстық, аудандық денсаулық сақтау орындарының тікелей көмегімен аурухананың қажетті мүлік құралдарын жетістіріп, қосымша здания сұрап, аурухананы үлкен емдеу орталығына айналдырды. 1955 жылдан 1992 жылға дейін 37 жыл бойы үзбестен бір орында Мұқыр учаскелік ауруханасында фельдшер болып қызмет атқарған жан. Осы жылдардағы саналы ғұмыры халықтың денсаулығын сақтау ісіне, адал-мінсіз еңбекке арналды. Талай қатты ауырған адамдардың жанына араша болып, «басына жастық, аузынан сусын» бола білді.

Ата еңбегі елеусіз қалмады. 1959 жылы «Отличник здравохранение Союза» значогіне ие болды. 1963 жылы Облыстық Совет атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, 1967 жылы Қазақ ССР денсаулық министрлігі Кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен наградталды. Ұлы Жеңістің 25,30,45,50 жылдықтарына арналған мерекелік медальдармен, Ұлы Жеңістің 40 жылдығында «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Елге келгесін зайыбы Қазмағанбетова Нұрзибамен бас қосып, жеті бала өсіріп, тәрбиеледі. Қазмағанбетова Нұрзиба 30 жылдың үстінде Мұқыр селолық кітапханасында меңгеруші болып халыққа қызмет еткен жан.

Атам Зұлханов Мұхамбетжан 1995 жылы өмірден өтті. 2001 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылынан Зұлханов Мұхамбетжан атына көше есімі берілді.

Авторы: Мұхамбетжан Айымгүл Ерланқызы