Хабар телеарнасы

Нұрғаев Жұмағожа (1914-1993 жж.)

Nurgaev Zhumakozha

Нұрғаев Жұмағожа 1914 жылы наурыз айында жұма күні Жалаңаш ауданы, Жіңішке ауылында дүниеге келген. Сол жерде жұмыс істеп жүрген әкемді 1938 жылы Совет армиясы қатарына пароходпен Ыстықкөл арқылы алып кеткен. Ол кезде әскери міндетін өтеу мерзімі 3 жыл болған. Воронеж қаласында сол 3 жылдық әскери борышын өтейді. Әскери борышын өтеп жүріп Фин соғысына қатысады.

Соғыс бітіп, 1941 жылы күзде ауылға кетеміз деп тұрғанда 1941 жылы жазда Ұлы Отан соғысы басталды. Брест, Воронеж қалаларының маңындағы Украина, Белоруссия шайқастарына қатысады.

Соғыста жаяу әскер қатарында пулеметші болған. «Бір орыс пулеметке оқ салып отырады. Пулемет қызып кеткенде үстіне қар сеуіп суытатынбыз. Көк пулеметті Сергей екеуміз талай сүйредік қой», – деп еске алып отыратын. Ауыр шайқастардың бірінде төбелерінен самолетпен бомбалап және атып кетеді. Оқ басындағы каскаға тиіп, самайын жанай өтеді. Ес-түссіз қалған әкемді госпитальға әкеледі. Емделіп жазылған соң сол жері тыртық болып біткен. «Касканың арқасында бір жолға жаным қалды», – деп айтып отырушы еді.

Ауруханадан шыққан соң қайтадан соғысқа кіреді. Соғыс 1945 жылы аяқталды. Ол кезде Жапон соғысы болып жатқан кез екен. Біраз солдаттарды сол соғысқа даярлап, 1 жыл ұстаған. Жапон соғысы аяқталған соң солдаттарды үйлеріне қайтарған. Сөйтіп әкем туған еліне 1946 жылы 8 жылдан кейін келді. Әкем көп қиыншылық көрді. Біз бала күнімізде соғыс туралы фильмдерді көп көруші едік. «Ата, сіз де кинодағыдай соғыстыңыз ба? Қарша бораған оқтың астында жүгірдіңіз бе?» деп сұрайтынбыз. «Иә, балаларым, от пен оқтың астында жан ұшыра жүгіріп бара жатқан жаяу әскерлерді көріп тұрсыңдар ғой, соның біреуі менмін», – дейтін.

Біз басымызды шайқап: «Мынадай сұмдық сұрапылдың ішінде жүру де ерлік қой, – дейтінбіз. Әкеміздің сұрапыл соғыстағы ерліктері ескеріліп II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Ұлы Жеңістің 10, 20, 30 жылдығы медальдарымен марапатталды.

Нұрғаева Кәкіл Қалмырзақызы 1928 жылы Қырғызда дүниеге келген. Балалық және жастық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. Шөп шауып, жинап, тұздап, үлкен шұңқырға көміп тастап, қыстай өгіз арбамен тасып береді екен. Қабырғасы қайысып, осындай ауыр жұмыстардың бәрін істеген. Соғыс жылдарында шешесі қойдың жүнінен шұлық, көйлек тоқып бергенін, сондағы қуанғанын айтып отырушы еді. Осындай қиыншылықтарды көп көргеннен бе, ысырапшылдықты жек көретін, обал, сауап жайлы көп айтушы еді, жарықтық.. .

Әкем мен шешемнің жақсы қасиеттерін тізбелей берсем, жазып біте алмаспын. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, асқар таудай әкеміз Жұмағожа 1993 жылы 31 қарашада, аяулы анамыз 2013 жылы 15 тамызда дүниеден өтті.

Жатқан жерлеріңізді жайлы болып, сегіз бейішті нәсіп етсін. Еліміз амандық, бейбітшілік болсын! Әкемізді мақтан тұтып, өмірлік үлгі етеміз.

Авторы: қызы Нұрғаева Нұржамал Жұмағожақызы