Хабар телеарнасы

Елібаев Ермек

Біздің атамыз Елібаев Ермек 1919 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданы, Ақтерек ауылында туған. 1939 жылы Кеңес-Жапон соғысында 2 жыл соғысқан. 1941 жылы 22 жасында Ұлы Отан соғысына Алматы қаласы, Фрунзе аудандық әскери комиссариаттан шақыртылады.

Атамыз дене бітімінің кішкентай болғанына қарамастан, батылдығымен көзге түседі. 249-барлаушылар ротасының бөлім командирі болып тағайындалады. Сол ротада атамыз жалғыз қазақ болған. Берілген тапсырманы аса жауапкершілікпен орындаған ол барлау кезінде жау туралы көптеген құнды мәліметке қол жеткізеді.

Атамыз әңгімесінде 5 неміс офицерін тұтқынға алғанын айтады. 1944 жылы жаралы неміс офицерін арқалап келе жатқанда, неміс арқасын бірнеше рет пышақтайды. Ауыр жарақатына қарамастан, атамыз тұтқынды штабқа жеткізеді. Сол ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Ермек атамыз Берлиндегі тарихи маңызы зор шайқас кезінде ерекше көзге түседі. 1945 жылдың 28 сәуірінде Берлин қаласындағы қайнаған соғыс майданына өтіп, жау әскерінің штабында отырған фашистердің көзін құртады. Сол ұрыста аса маңызды құжаттарға қол жеткізіп, оларды дер кезінде өз дивизиясының басшыларына тапсырады. Жауынгерлік тапсырманы орындаудағы ерлігі үшін 1945 жылы «Қызыл Жұлдыз» медалімен марапатталады.

Атамыз өзінің жаудан қайтпас ержүректілігімен дивизия жауынгерлеріне рух беріп отырғандығы жайлы архивтағы қағаздардан білдік.

Осындай батыр тұлға болған атамызды ерекше мақтан тұтамыз!

Ерен ерліктері үшін ол ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!

Авторы: Мақашева Ақмарал