Хабар телеарнасы

Сәлімбаев Шәуе (1915-1994 жж.)

Salimbayev Shaue

Майданнан хат

«...Апа! Сталинград майданындамыз. Төрт жауынгер Днепрден жүзіп өттік. Бәрі жақсы. Солдат болған соң қиындық болады ғой, бірақ біз бәріне шыдаймыз. Ал, өздеріңіз қалайсыздар? Әйнек әпкем ауырмай жүр ме? Азық түліктен тапшылық көріп жатқан жоқсыңдар ма? Біз ғой сіздердің тоқыған жылы шұлықтарыңыз бен қолғаптарыңызды алып, тастамай киіп жүрміз. Менімен бірге әскерге аттанған Рәш елге оралды ма? Хош, сау болыңдар, тағы хат жазамын. Сәлеммен Шәуе.

Иә, бұл менің әкемнің елдегілерді жұбату хаты еді. Ал шын мәнінде, әкемнің айтуы бойынша, Днепрден салмен өту сәтінде бораған оқтан бүкіл бір полктің сарбаздары өлім құшқан болатын. Бір полктен небәрі 30 жауынгер ғана арғы бетке аман өткен. Әкемнің бөлімшесіндегі 12 пулеметшінің төртеуі ғана тірі қалған.

«Күн кешкіріп, орман қою қараңғылыққа сүңгіп кеткен бір сәтте тіпті атыс болмағандай көрінеді. Бірақ бұл алдамшы тыныштық. Анда-санда аспанға атылған ракета айнала төңіректі жап-жарық етіп жібереді. Жауынгерлерге осындайда 100 грамм спирт, бір тілік нан беретін. Бізбен үзеңгілес Саша деген жігіт: «Давай, жігіттер, маған паектарыңды беріңдер, мен сендердің орындарыңа таң атқанша күзетіп берейін» деген соң бәріміз паегімізді соған бердік. Өзеннен бораған оқтың астында жүзіп өту оңай ма, жауынгерлер әбден сілікпесі шығып шаршаған еді. Сөйтіп паегімізді Сашаға беріп ұйықтап кеттік. Таңертең тұрсақ, Сашамыз 400 грамм спиртті ішіп алып, қақаған аязда қатып қалыпты», – деп әкем әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Бұл 1942 жылы қазан айы еді. Біздің №273-пулеметші-атқыштар полкі Сталинград түбіндегі Песчаный деревнясының түбіндегі қалың орманда тұрған. Қайдан шыққаны белгісіз жаудың танкілері тосыннан атқылай бастады». Әкем алғашқы шабуылда-ақ қатты жараланған. Бұл қазан айы болатын. Госпитальда көп жатқан жоқ. Тез жазылып шыққан соң 80-дивизияның 201-атқыштар полкіне келді. Бұлардың әскери құрамасын Мәскеу арқылы эшалонға отырғызып, Старый Оскол мен Новый Оскол поселкесінің маңына әкеліп поездан түсірген.

Бұл – генерал фельмаршал Пульстің бүкіл бір армиясымен қоршауда қалып, тұтқынға түсетін кезі. Алайда Курск шайқасы тарихта ауыр техника мен адамдардың ең көп қырылған қанды соқтығысы болып қалды.

«Біздің әскерлер бұрын-соңды болып көрмеген соғыстың тактикасы мен стратегиясын көрсетті. Екі жақ жан алысып, жан берісті. Сталинград қаласы мен даласы ауыр техникасының орасан зор үйіндісіне айналды. Кременчук түбіндегі көпір үшін айқаста да, Днепрден жүзіп өту кезінде де алды-артына қарайлаған жоқ. Алға қойған мақсат біреу: жауды Сталинградтан әрі жібермей өзінің апанына қуып тығу болатын».

Кеңес жауынгерлері бұл міндетті өздерінің өмірін қиып, қарыс жер үшін жан аямай жаумен шайқасты. Александровка қаласы маңында да әкемнің құрамасы батырларша шайқасты. Кирвоград үшін болған шайқас та еерекше есте қалды. Жау танктері қалаға 8 шақырымдай жерге келгенде пулеметшілер оларға қарсы оқ боратқан. Осы аласапыранда әкем ауыр жараланғанын айтқан еді.

1943 жылдың 4 қаңтарында екінші рет снаряд жарықшағынан жараланған ол госпитальда ұзақ жатып қалған. Сөйтіп 1944 жылдың ақпан айында елге оралған. Әкем елге оралған соң да 1944 жылдан бастап Красный пахарь колхозында партия ұйымының хатшысы болып, сонымен қатар басшылық қызметтерді атқарды. «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен, 1948 және 1960 жылдары 2 рет Ленин орденімен марапатталды.

Мен өзімді батыр әкенің ұлы болғаным үшін бақытты сезінемін!

Авторы: Сәлімбаев Ниет Шәуеұлы