Хабар телеарнасы

Бейсеуов Өтембай (1915-1945 жж.)

Beiseuov Otembay

Біздің нағашы атамыз Бейсеуов Өтембай 1915 жылы дүниеге келген. Ата – Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылының тумасы.

1941 жылдың қазан айында әскер қатарына алынып, 1943 жылы 11 наурызда  Ұлы Отан соғысына аттанып, қайта оралмады. Соңғы хатын 1945 жылдың қаңтар айында жолдапты. 226 Кр.Арт.Полкының құрамында болып, сол  жылдың 14 ақпанында Польшаның Гручно деревнясында, сурапыл шайқаста қаза болыпты.

1945 жылдың 12  сәуірдегі № 028/н бұйрығына сәйкес, 2 Белорус майданының Брест корпусының № 95 әскері, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан, неміс басқыншыларымен күрес майданында қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және бұл ретте ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, Жоғарғы Бас Қолбасшының мақтау грамотасымен марапатталған екен. Өкініштісі, Орденді қаза болғаннан кейін берген екен, бұл мәләметтерді ешкім білмеген.

Қазіргі таңда артында қалған жалғыз тұяғы бар. Ол біздің анамыз Қаниза Өтембайқызы, 1941 жылы туған.  Сол  сұрапыл соғыстың қасіреті әлі күнге дейін қабырғасын қайыстырып, Асқар таудай әкеге деген сағынышын ұмыттырмаған. Әкесінің кең пейілді, жарқын тұлға екенін айтып,  соғысқа аттанғанша  туған жерінде аянбай еңбек еткенін, сұрапыл  соғыста Отанын қорғап, қаза тапқанын бүгінгі ұрпақтарына ерекше тебіреніспен айтады.

Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген аталарымыздың ерлігі мен батылдығына бас иіп, рухына  тағзым етеміз. Олар көрсеткен ерліктер бүгінгі ұрпақ бізге, біздің балаларымызға, немерелерімізге  үлкен өнеге, зор мақтаныш.

Отансүйгіштік қасиет әр кезде де қастерлеуге, құрметтеуге тұратын қасиеттердің бірі деп білеміз.

Авторы: Ақылбаева Сәуле