Хабар телеарнасы

Қабиев Ғатау (1922-2011 жж.)

Қабиев Ғатау (1922-2011 жж.)

Қабиев Ғатау 1922 жылы көршілес Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысының Жаңғала ауданының №12 ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Білімі – орта. Бала жасынан еңбекке ерте араласып, әкесі Қабимен бірге көршілес Астрахань облысына балық аулау жұмыстарына барған еді.

Елбасына күн туған сол бір жылдары 19-ға жаңа толған өрімдей жас жігіт еді. 1942 жылы қаңтар айының 6-сында әкесі Қаби, немере ағалары Бақтыгерей, Әділгерей, Жағыпар және Ғатекең Отан қорғау үшін әскерге бірге аттанған. Әкесі Қаби рабочий батальонда болып, елге 1945 жылы оралған болатын, ал немере ағалары Бақтыгерей, Әділгерей және Жағыпар хабар-ошарсыз кетті.

Ғатау ағамыз 33-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында атқыш, кейін 21-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында бөлімше командирі болып, елге 1945 жылы 11 октябрь күні оралды. Кіші сержант шенін иеленген Ғатау әйгілі Курск шайқасындағы кескілескен сұрапылға кіргенде атқыштар бөлімшесінің командирі де болды. Соғыстан кейін аудан бойынша «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, елге оралған үш ардагердің бірі болатын. Соғыс кезінде Ғатекең Прибалтика, Украина, Белоруссия республикаларын жаудан азат етуге және әйгілі Курск шайқасына қатысқан майдангер еді. Майдан даласынан елге оралғанда соғыс кезіндегі ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденьдерімен, «Ерлігі үшін» медальімен және Рита қаласы үшін кескілескен ұрыстарда көрсеткен өжеттілігі мен батылдығы, ерлігі мен үздік жауынгерлік әрекеттері үшін Кеңестер Одағының Маршалы Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің «Алғыс хатына» ие болған. Соғыстан кейінгі жылдары ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденьімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медальімен, Белоруссия мен Украинаның неміс-фашист басқыншыларынан азат болуының 60-жылдық медальімен, бірнеше юбилейлік медальдармен, Ұлы Жеңістің 60-жылдық мерекесіне Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкодан «Құттықтау хат» та алған аудандағы бірден-бір соғыс ардагері болатын.

Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, аянбай тер төкті.

1947 жылдың 1 ноябрьнен 1948 жылдың 20 сентябрь аралығында бір жылдық Сорочинск ауылшаруашылығы мектебін бітірді.

1951-52 жылдары аралығында Орал облысындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы механизациясы мектебін трактор бригадасының бригадирі мамандығы бойынша оқып бітірді.

1951 жылдың апрель айынан 1957жылдың наурыз айы аралығында МЖС-та, МТС-та, кейін Новобогат совхозында тракторист болып еңбек етті.

1957 жылдан-1984 жылға дейін көп жылдар бойы үздіксіз байланыс мекемесінде еңбек етті. «Еңбек ардагері» медальінің иегері. Абыройлы еңбегі үшін бірнеше мақтау грамоталарымен, Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

1951 жылы апрель айында Саримова Махузамен шаңырақ көтерді. Жұбайы Махуза екеуі өмірге бес перзент әкелді.

Қабиұлы Ғатау 2011 жылы 9 шілде күні дүниеден озды.

Авторы: Кабиев Парух Гатауович