Хабар телеарнасы

Хасенов Қаппас Хасенұлы (1904-1983 жж.)

Хасенов Қаппас Хасенұлы (1904-1983 жж.)

Хасенов Қаппас Хасенұлы (Хаппас) 1904 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы, Бұқар жырау (Ворошилов) ауданында дүниеге келген.

1926 жылы Қарағанды аудандық әскери комитеті әскер қатарына шақырып, Отан алдындағы борышын өтеп, елге қайта оралады.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1942 жылдың 25 тамызында Қарағанды облысы, Ворошилов ауданының әскери комитеті қайта әскерге шақыртып, майданға аттанады. Ол 37-қосалқы атқыштар полкіне (Запасной стрельковый полк среднеазиатский военный округ) түсіп, 1942 жылдың казан айына дейін қан майданда жаумен соғысады.

Қаппас Хасенов 1942 жылдың қазан айында 796-атқыштар полкіне ауыстырылып, онда қараша айына дейін қан шайқасқа қатысады.

1942 жылдың қараша айынан бастап, 1945 жылдың желтоқсан айына дейін (1 рота ОСБ КЭЧ) Смоленск гарнизоны майданында үш жыл жаумен алысып, соғыс аяқталғаннан кейін осы жылдың желтоқсан айында елге аман- есен оралады.

Осынау сұрапыл соғыс жылдары өмір мен өлімнің арасында жүріп қайсарлықпен талай ерліктер көрсетеді. Сол ерліктері үшін бірнеше орден және медальдермен марапатталған. Жылдар өткен сайын атамыздың жасаған ерліктері ескеріліп, Совет Одағының Қарулы күштерінің 30,40,50, 60 жылдықтары қарсаңында медальдермен марапатталып отырды.

Атам Хасенов Қаппас Хасенұлы Жеңіспен өзінің туған еліне оралған соң, соғыстан кейін қираған ауыл шаруашылығын көтеруге қатысып, жан аямай еңбек етеді. Ұзақ жыл ауырған атамыз жазылмас аурудың зардабынан 1983 жылы 79 жасында өмірден өтеді.

 Бәйтеректей жапырағы жайқалған атамыздың отбасында он бала тату-тәтті өсіп тәрбиеленді. Атамыздың балаларынан бірнеше немере, шөбере-шөпшектері тарап, ұрпақтары бақытты өмір сүруде.

Атамды көрмесем де, жасаған ерліктерін үлкендердің айтуымен білемін.

Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75-жылдығы қарсаңында атамыздың ұрпақтары сағынышпен еске алып, жасаған ерліктері үшін ешқашанда ұмытпаймыз, ол кісіні мақтаныш етеміз.

Атамыздың рухына басымызды иеміз!!!

Авторы: немересі Хасенов Мақсат Әділбекұлы, балалары, немере-шөберелері