Хабар телеарнасы

Аяпбергенов Кәкішбай (1922-2010 жж.)

Аяпбергенов Кәкішбай (1922-2010 жж.)

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес!

Иә, Жеңіске 75 жыл, бірақҰлы Отан соғысы жаңғырығыәлі ұмытылған жоқ.

Менің әкем 1922 жылы Шет ауданының Ақтұмсық аулында наурыз айында дүниеге келген. Отбасының тұңғышы, әжесінің бауырында ерке өскенімен алғыр, жұмысқа ерте араласқан.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Мені бір керемет күш қорғап жүреді», – деп айтып отырушы еді әкешім. Бұл жеке әңгіме...

1942 жылдың қаңтарында 19 толысымен шақырту қағазын алып, Жарық бекетінен Ақмолада жасақталған 29-атқыштар дивизиясының 109-полкіне алынады. 3 ай дайындықтан кейін Сталинград бағытына аттанады. «Менің өмір жолым» деген естелігінде, Сталинград үшін кескілескен ұрысты айтқанда жаның түршігеді. Сталинград үшін қан майданда қасында жарылған минаның жарықшағынан аяғынан жараланады. Аяғына екі рет ота жасалып, жазылып шыққаннан кейін, Свердлов облысының Камышев ауданында 3 ай артиллерия дайындығынан өтіп, Белорусь майданының Минск бағытындағы әскерге толықтырылуға алдыңғы шепке жіберіледі. Онда отыз төртінші дивизияның 1383 зенит полкінің үшінші батареясының №1-бағыттаушысы, бөлім командирі Агафоновтың орынбасары болып тағайындалады. Бір зеңбіректің құрамында әр ұлттан құралған 8 адам.

«32 ауа» деген айғайды естідік, немістің «фокко-кульф 190 Кама» ұшағы үстімізден төніп кеп қалыпты. Бірінші снаряд босқа кетті, екінші снаряд дәл тиді... Осы жолы «Батырлығы үшін » медалімен марапат алды. Неман өткелі үшін ұрыста «Ерлігі үшін» медалін алды.

 Сонымен қатар, Могилев, Смоленск, Борисов қалаларын азат етуге қатысты. Үшінші Беларусь бағытында Литва, Вильнюс, Каунас қалалрын азат етуге қатысты.

Маршал Василевскийдің қоластында 1945 жылы Шығыс Пруссия қақпасы Кенигсбергті азат етуге қатысты.

Үш рет жараланған, тіпті бірде өлімге бір қадам жақын болған.

«Ұлы Отан Соғысының II дәрежелі » ордені, «II, III дәрежелі Даңқ» ордені, «Сталинград үшін», «Кенигсберг үшін», «Германияны жеңгені үшін»т.б. марапат иегері.

Елге 1946 жылы оралады. Теміржол техникумын бітірген соң, Жаңаарқа депосында машинист болып жұмыс істеді. 1947 жылы анамыз Дәменмен отау құрды, 11 баланың сегізін жетілдіріп, азамат етіп өсірді. Немере-шөбере сүйді. Әкеміз аса бауырмал, сабырлы, қызметіне берік, адал еді.

Соғыс және еңбек ардагері, Жарық кентінің құрметті азаматы, сыйлы ақсақалы болды.

Авторы: қызы Аяпбергенова Нәсіпжан Кәкішбаевна